МАҚТААРАЛ ЖӘНЕ ШАРДАРА АУДАНДАРЫНА СЕНАТОРЛАР КЕЛДІ

0
53

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Бектаев, М.Қадырбек және А.Сатыбалдиевтар Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Сондай-ақ, өңірдегі өзекті мәселелерден кеңінен хабардар болды.
Ең алдымен сенаторлар Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық жайлы мектепке барды.
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен бекітілген білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ауданда 2 жайлы мектептің құрылысы басталған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінен 1500 орындық және А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елдімекенінен 600 орындық мектеп құрылыстары жүріп жатыр.
Пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын жайлы мектептерде оқушылардың сапалы білім алуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалатын болады.
Мұнан соң халық қалаулылары ауданның индустриалды аймағында орналасқан тамшылатып суғаруға қажетті құрал-жабдықтарды және тұқымдық шитті өндіретін «BEGASH» ЖШС-на қарасты қос бірдей зауыттың құрылыс жұмыстарын көрді. Тамшылатып суғару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Ал мақта тұқымын өңдеу зауытының құны да 1,5 млрд. теңгені құрап, 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылады деп межеленген.
Депутаттар индустриалды аймақта мақтааралдық шаруалар мен шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту жолдары айтылып, мемлекеттік қолдаулар туралы мағлұматтар берілді.
Ауданның индустриалды аймағынан жақында ғана Орталық Азияда бәсекеге қабілетті «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты ресми түрде іске қосылған болатын. Кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының индустриалды аймағының жалпы жер көлемі 24,2 гектарды құрап, қазіргі таңда жалпы 5,45 млрд теңге көлемінде 4 инвестициялық жоба іске асырылған. Алдағы уақытта 2 млрд. теңге көлемінде тағы 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2025 жылы іске қосылмақ.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев Шардара ауданына іссапармен келіп, индустриалды аймақта орналасқан «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Зауыттың қуаты 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы. Жүгеріні терең өңдеу нәтижесінде түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады деп күтілуде. Бұдан бөлек, крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығаратын болады. Жобаның жалпы құны 35 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңмен дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталған. Екінші кезеңмен крахмал-сірне жабдықтарын орнату жұмыстары 2024 жылы басталған, ағымдағы жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, өндіріс орнын іске қосу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 40 пайызға жуығы аяқталған. Зауытты іске қосу арқылы 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады.
«Міне, Президентіміз айтқандай терең өңдеу технологиясын дамыту осындай кәсіпорындарды құруға жағдай жасап, көптеп салумен жүзеге асады. Өңірдің әл-ауқатын көтеруге маңызы зор зауыт салынуда. Бұл ең алдымен импорттық тәуелділіктен арылтады. Себебі, еліміз шамамен жылына 530 мың тоннаға жуық қантты сырттан алады. Бұл кәсіпорын іске қосылған соң импортталатын қанттың мөлшері азайып, шамамен 230 мың тоннадай сырттан келетін қанттың орнын крахмалды шырындарымен алмастыруға мүмкіндік аламыз. Сондықтан ең бірінші ішкі нарықты қамтамасыз етуді ойлап, мұндай кәсіпорындарды іске қосу арқылы елдің экономикасын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға оң ықпалын тигізеді дер едім.
Тағы бір айтатын мәселе, жылда Түркістан облысы бойынша мақта өсіруші шаруашылықтардың шикізат өніміне сұраныстың аздығы және баға төмендігі. Ал, мұндай мәселелерді түбегейлі шешу үшін өңірде мақта кластерінің дамуы үлкен маңызға ие. Мақтаныда терең өңдеп, тоқыма және тігін өнеркәсібін құруға бетбұрыс жасауымыз қажет»- дейді Әли Бектаев.
Сенаторлар мұнан кейін, Шардара қаласындағы күріш зауытының жұмысымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының Шардара ауданында іске асырылу барысымен танысты. Сенаторлар Шардара қаласындағы заманауи пәндік кабинеттермен, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған робототехника кабинеттерімен жабдықталған «Жайлы мектепті» аралап шығып, мектеп ұстаздарымен сұхбаттасты. Сенат депутаттары оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалғанын, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін жайлы мектептің 29-ы Түркістан облысына, ал оның 2-і Шардара ауданында бой көтергенін атап өтті.
Жұмыс сапарын қортындылаған сенаторлар өңірде қолға алынған жобаларды сәтті іске асыруға және атқарылуы тиіс жұмыстарды елордаға барған соң, тиісті мемлекеттік құзырлы мекемелермен сараптай отырып, шешілу жолдарын талқылайтынын жеткізді.