ШАРДАРАЛЫҚ ЖЕТКІНШЕКТЕР БІРНЕШЕ ТУРНИРДЕ ЖЕҢІМПАЗ БОЛДЫ

Түркістан облысында балалардың денсаулығын қорғау, шымыр болып өсуіне мүмкіндік жасау мақсатында жеткіншектерді бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлеріне ынталандыру бағытында жұмыстар нәтижелі жүргізіліп келеді. Облыс спортшы балалары көптеген жарыстардан әрдайм жеңімпаз, жүлдегер болып оралуы соның айғағы. Облыстың Шардара ауданында да спорттың көптеген түрлерінен балалар мен жасөспірімдер айтулы турнирлерден жүлделер алуда.
2025 жылдың 23-26 қаңтары күндері аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының Таеквондо (WT) федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевтің еске алуға арналған Таеквондо (WT) ашық республикалық турнир өз мәресіне жетті. Нәтижесінде шардаралық спортшы Абылай Інжу 29 келі салмақта қарсыластарының барлығынан басым болып топ жарды. Жеңімпаздың жаттықтырушысы Құлмаханов Ермахан.
2025 жылдың 24-27 қаңтар күндері аралығында волейболдан қыздар арасында Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында өткен «TASHKENT OPEN CUP U18» ашық турнирі өтті. Аталған жарысқа қатысқан Шардара ауданының ала доп шеберлері қарсылас шақ келтірмеді. Турнирде “Шардара” қыздар командасы 1-ші орынды иеленді.
Жеңімпаз қыздар командасының жаттықтырушысы Рахматулла Ермек..
Шардара қаласында гір спортынан жасөспірімдер арасында Түркістан облысы чемпионаты өтті. Аталған жарыста облысымыздың түкпір-түкпірінен келген спортшылар өз бақтарын сынады. Жарыстың қортындысы бойынша командалық есепте
Шардара ауданы 1-орын, Созақ ауданы 2-орын,Түлкібас ауданы 3-орын иеленді.
Атап айтар болсақ жастары мен өз салмақ дәрежелері бойынша 1-орын Амандық Б,1-орын Алихан И, 1-орын Дүйсенбек Д, 1-орын Мамыр Н, 1-орын Амандық Н, 1-орын Еркінбай Б, 1-орын Абдирахман Ә, 1-орын Амандық А, 1-орын Дүйсенбек Е, 1-орын Сейдахмет Н, 1-орын Амиркул Б, 1-орын Бахыт И, 1-орын Асылбек Ә, 1-орын Есмагаев Б, 1-орын Тастан Қ, 1-орын Нұрлыбайұлы Е, 1-орын Келдібаев Е, 1-орын Бахыт И, 1-орын Ережеп О, 1-орын Құдайберген С. иеленді.
Жарыс соңында жеңімпаз спортшыларға медаль, грамота, кубоктар табыс етілді.
Шардара ауданында Түркістан облысының құрама командасын жасақтау мақсатында, Шардара ауданында қол күрес спортынан облыс чемпионаты болып өтті.
Облыстың түпкір-түпкірінен келген қол күресшілердің сайысында барлық жас ерекшеліктері бойынша 600-ден астам білекті де, жүректі спортшы ұл балалар мен қыз балалар бақ сынасып, тартысты әрі қызықты өтуіне атсалысты. Түркістан облысы чемпионатының нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте Шардара ауданы көш бастап, «Шардара Армспорт» клубы өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеді. Екінші орынды Мақтарал ауданының құрама командамасы иеленсе, үшінші орынға Ордабасы ауданының құрама командасы табан тіреді. Жеңіске жеткен спортшыларымыз алдағы уақытта Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысатын болады.
Ал, қаңтар айының 14-18 күндері аралығында Бәйдібек қаласында тоғызқұмалақтың (классика,блиц және рапид)түрлерінен ерлер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті. Ел егемендігін жариялаған соң қайтадан жаңғырған ұлттық интеллектуалды спорт – тоғызқұмалақ спорты бүгінде республикада ғана емес халықаралық, әлемдік деңгейде танылған спорт түріне айналды.
Чемпионатқа облысымыздың түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып,үлкен дәрежедегі жарыс өтті.Аталған жарысқа “Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы” спортшысы Аждурлиев Тұрар қатысты. Спортшы тоғызқұмалақтың (классика,блиц және рапид) түрлерінен алтын алқаны қанжығасына байлап,жүйріктердің қатарынан көрінді.Соның арқасында Аждурлиев Тұрар Ақпан айының 10-20 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өтетін тоғызқұмалақтан республика чемпионатына жолдама ұтып алды. Жеңімпаздың бапкері Оқасова Ләззат.