БАСТЫ МАҚСАТ –ТЕРЕҢ ӨҢДЕЛГЕН ДАЙЫН ӨНІМ ШЫҒАРУ

0
50

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай өңірлерде инвестиция тарту, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы фермаларын ашу, өндірілген өнімдерді терең өңдеу арқылы толыққанды бәсекеге қабілетті тауар өндіру арқылы өңірлердің де елдің де әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүретін болады.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Достық, Ақшеңгелді ауылдық округтерінде болды. Ең алдымен Достық ауылында көлемі 1,22 га аумаққа жаңадан салынған орталық саябақпен танысып, ондағы атқарылған жұмыстарды көрді. Сондай-ақ, аудан әкімі ауылдық округ орталығындағы халық шоғырланған аумақта қосымша салынып жатқан саябақтың қоршауына қаржы қарастырылатындығын жеткізді.
Мұнан кейін, ауылдағы мал шаруашылығын дамытып отырған Құрбан Қосжановтың 60 бас мал бордақылау алаңына барды. 3 адамды жұмыспен қамтып, бүгінгі таңда ірі қарасын 400 бастан асырып отырған кәсіпкермен тілдесіп, мемлекет тарапынан әрқашан қолдау бар екендігін жеткізді.
«Біздің басты мақсатымыз — өздеріңіз секілді кәсіпкерлерді қолдай отырып, экспортқа тек шикізат емес, терең өңдейтін өндіріс орындарын ашып, дайын өнім шығаруға жұмыс істеу. Егер сіз мал бордақылап, етінен шұжық немесе тағы да басқа өнім шығаруды көздесеңіз, мемлекет тарапынан әрқашан қолдауға дайынбыз» — деді Арман Романұлы.
Бұдан кейін аудан басшысы Ақшеңгелді ауылына барып, «Али-Нұр» шаруа қожалығының 12 дана ауыл шаруашылық техникасы және авто бөлшек дүкенімен танысты. Кәсіпкер Серік Абдуллаұлының иелігіндегі 120 га жерді қамтитын шаруақожалықта мақта және бақша өнімдері егіледі. Онда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкер кәсібін дамыту бойынша және тамшылату әдісімен суғарылатын жер көлемін арттыруды көздеп отқанын жеткізді.
Арман Романұлы жалпы жылдан-жылға ағын суды үнемдеу технологиясына, оның ішінде тамшылату суғару әдісіне көшу күн тәртібінде екендігін жеткізді.
Шағаласы шалқыған шежірелі өлкенің құрылғанына 60 жыл толуына орай, Шардара ауданы әкімдігінің бастамасымен «Алтын қорға үлес қос» акциясын қолдау мақсатында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясы жарияланған болатын.
Осы тұрғыда аудандық мәдениет үйінде Шардара ауданының – 60 жылдығына орай, «60 жылдыққа – 60 кітап» атты акциясы өтті.
Шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, акция аясында алтын қорға сыйға әкелген кітаптарын тапсырды.
«Шағаласы шалқыған шежірелі өлкеміздің құрылғанына 60 жыл толуына орай, ауданмен бірге құрылған аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, аудан тұрғындарының рухани дамуына үлесімді қосу мақсатында «Алтын қорға үлес қос» жобасының аясында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясын бастадым. Өткен 2024 жылы аудандық кітапхананың кітап қорына 1500 жуық кітап берілген болса, осы игі бастама жалғасын тауып, жыл соңына дейін кітап- қазынамыз молаяды деген сенімдемін. Кітап адамды тәрбиелесе, кітапхана адамзатты тәрбиелейді.Биылғы жоспарлап отырған ауданымыздың 60 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын!»- деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, шараға аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Қыстау Ілесов қатысып, кітапхана қорына 410 кітабын сыйға тартты. Акцияға әкімдік қызметшілері, ақын, жазушы және көптеген кітап сүйер қауым жиналып қорға 1000-ға жуық кітап өткізді. Бұл акция бүкіл ауылдық округтердегі кітапханаларда бір мезетте ұйымдастырылып, жыл бойына жалғастыру көзделген.