ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШ-ТІЛЕГІН ӘКІМ МЕН ДЕПУТАТҚА АЙТТЫ

0
51

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында, әрі билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста сенімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері өздері қызмет етіп отырған аумақтағы тұрғындардың алдында есеп беру кездесулерін ұйымдастырып, «Ашық есік күндерін» өткізіп, жеке қабылдаулар жасап отыруға міндетті. Түркістан облысында бұл мәселе аранулы жоспарлы кестелерге сай тұрақты өткізіліп отырады.
Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов өткізген қабылдауға аудан тұрғындары өздерінің жеке мәселелерімен қатысып, тиісті өтініштерін білдірді. Жиынға аудан әкімімен бірге дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, шешу жолдарын түсіндірді.
Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері әртүрлі мәселелерге қатысты болды:
1. Шаян елді мекенінің тұрғындары көтерген тұрғын үй мәселелері — баспанамен қамту, тұрғын үйлердің жағдайы және құрылысқа қатысты сұрақтар талқыланды.
2. Ағыбет елді мекенінен — газ және ауыз су мәселелері — елді мекендерді газдандыру және таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды.
3. Ақбастау елді мекенінің тұрғыны көтерген — жайылымдық жер мәселелері – ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың мал жайылымына жарамды жерлерге деген сұранысы көтерілді.
4. Сонымен қатар, мал тоғыту орнына қатысты мәселені де көтеріп, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар малдың денсаулығын қорғау және аурулардың алдын алу үшін тоғыту орындарының қажеттілігі мен олардың жағдайын жақсарту мәселесін айтты.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов барлық мәселелерді заң аясында шешу қажеттігін және әрбір өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Аудан әкімдігі барлық сұрақтарға назар аударып, заңды түрде шешу үшін қажетті жұмыстарды атқаратын болады.
Ал, таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Шаян елді мекеніндегі 300 орындық жайлы мектептің құрылысымен танысты.
Мәжіліс депутаты құрылыс алаңын аралап, мектептің жобалық ерекшеліктері мен құрылыс жұмыстарының барысы туралы мәлімет алып, бұл жоба білім беру сапасын арттыру мен балалардың заманауи стандарттарға сай оқу орнымен қамтамасыз етілуінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сонымен қатар мектеп құрылысының уақытылы әрі сапалы аяқталуының маңыздылығын еске салып, құрылысшылар мен жауапты мамандарға сәттілік тіледі. Жаңа мектептің ашылуы өңірдің білім беру жүйесін жақсартуға және балаларға қолайлы жағдай жасауға ықпал етпек.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков арнайы іссапармен Боралдай ауылдық округіне барып, күрделі жөндеуден өткен “Боралдай дәрігерлік амбулаториясының” жұмысымен танысты.
Ұ.Сәдібеков медициналық мекеменің жағдайын, жаңартылған инфрақұрылымды және тұрғындарға көрсетіліп жатқан қызмет сапасын көріп, медицина қызметкерлерімен кездесіп, амбулаторияның өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызын атап өтіп, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Амбулатория қызметкерлері жаңа мүмкіндіктер мен қызмет сапасын арттыру жолында атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіріп, өздерінің алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл сапар денсаулық сақтау саласының дамуына әрі қарай қолдау көрсетудің маңызды қадамдарының бірі болды.

Медициналық нысан 1968 жылы салынған болатын. Ескірген ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Мекемеде 43 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда күніне 90 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Енді жергілікті тұрғындар заман талабына сай салынған жаңа ғимаратта қызмет ала алады.
Кездесу С.Ерубаев атындағы мектебінің акт залында округ тұрғындарымен және мектеп ұжымымен кездесумен жалғасты.
Мәжіліс депутаты тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, мектеп ұжымымен білім беру сапасы мен мектептің даму бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту, білім беру саласында жаңашылдықтарды енгізу, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары бойынша өз ойларымен бөлісті. Мектеп ұжымына сапалы білім беру ісінде табыс тілеп, жаңа жобалар мен бастамаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Бұл кездесу Боралдай ауылдық округінің тұрғындары мен мектеп ұжымының мәселелерін көтеріп, оларды шешуге бағытталған маңызды қадам болды.