МҰНАЙ ӨНІМІН ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

0
29

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл жағдай экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл ел ішінде қылмыстың етек алуына негіз болады» деген болатын. Соған орай Түркістан облысында мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалына қарсы күрес күшейтілді.
Облыс аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 2024 жылдың өзінде мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 567 фактісі анықталып, 32 370 литр дизель отыны мен 6008 литр бензин тәркіленді. Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу мақсатында 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Аталған жұмыстар Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып отыр.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдізақованың айтуынша, Түркістан облысының әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ көлеңкелі нарыққа тосқауыл қою мақсатында жүйелі түрде тексеру жүргізуде. Оның құрамына кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, қаржы мониторингі агенттігі, көлік инспекциясы, табиғи монополияларды реттеу комитеті және жергілікті атқарушы органдар кіреді.
Басты мақсат – мұнай өнімдерінің жасанды тапшылығын болдырмау, алыпсатарлыққа жол бермеу және заңсыз тасымалдың алдын алу.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 380 жанармай құю бекеті және 9 мұнай базасы заңды негізде жұмыс істеп тұр. АИ-92, АИ-95 және дизель отыны еркін сатылуда, және өңірде мұнай өнімдеріне тапшылық тіркелген жоқ.
Түркістан облысының әкімдігі заңсыз жанар-жағармай тасымалын болдырмау мақсатында бақылауды күшейтіп, тиісті шараларды жалғастыра беретін болады.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданы таулы аймақта орналасқандықтан қыс мезгілінде өңіріміздің басқа бөліктерінен қарағанда бұрқасын жел тұрып, боранды күндер көп болады. Алайда, басқа өңірлерден жолай өтіп бара жатқан жолаушылар мен кейбір көлік жүргізушілері төтеншеліктердің хабарламаларына, ұялы телефонға келген ескертулерге қарамастан жолға шығып, қар құрсауында қалып, өздерін және жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп жатады. Бұл да тәртіпке бағынбай заң бұзушылық болып табылады.
Осы орайда, аудан әкімі Аскар Естібаев облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Мұрат Естемесов, аудандық Полиция бөлімінің бастығы Бекарыс Сұлтанов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Арыстан Қоқыров, «ҚазАвтоЖол» мекемесінің учаскіге жауапты өкілдері және жауапты мамандармен боран күндері жолаушылар қауіпсіздігі үшін жолды жабу мәселесін пысықтады.
Бұл жерде ескертуге қарамастан жолға шығуға бел буған жолаушылар көліктеріне кемінде 7 жерге тосқауыл қою мәселесі талқыланды. Ол жерлердің Жамбыл облысы мен Сайрам ауданының шекарасы, яғни Шақпақ пен Машат елді мекендеріндегі уақытша посттарға Полиция департаментінің тиісті батальонының қызметкерлері ал, қалған ішкі жолдарға аудандық полиция бөлімінің жасақтары жауапты болмақ.
Сонымен қоса, басқосуда жолды қардан уақытылы тазалау және тағыда басқа жауапты мекемелер тарапынан бекітілген алгоритмге сәйкес атқарылатын шаралар барысы пысықталды.
Айта кетерлік, соңғы боранда ескертуге қарамастан жолға шығып кеткен көліктер салдарынан кептеліс болып, 60-қа жуық ауыр жүк көлігі, 18 автобус, 120-ға жуық жеңіл автокөлік аудан аумағында қар құрсауында қалып қойған.