ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛЫП, ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент «Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде.
Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет.
Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деді. Түркістан облысында тұрғындармен атқарушы билік арасындағы ашықтық пен өзара сенімділікті арттыру мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде азаматтармен елдімекендерде кездесулер ұйымдастырылып, жеке қабылдаулар өткізіліп, «Ашық әкімдік», «Ашық есік» күндерінде әкімдіктерде қабылдап олардың мұң-мұқтажын, тілек-өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау дәстүрге айналған. Сол кездесулер мен қабылдауларда көтерілген мәселелер тіркеліп, тиісті органдардың назарына алынып, заң аясында жүзеге асырылып, оның есебі де беріліп отырады.
«Ашық әкімдік» кеңсесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін салалар бойынша тұрғындарды жеке қабылдады. Өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, шешу жолдарын қарастырды.
Қабылдауға Түркістан қаласының, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары келді. Азаматтар жеңілдетілген несие мен субсидия алу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жер, ауыл шаруашылығы, ветеринария саласына қатысты түйткілдерді ортаға салып, ұсыныстар айтты. Мәселен, шардаралық тұрғын қытайлық мақта шитін алуға субсидия қарастыруды сұрады. Облыс әкімінің орынбасары мақта шаруашылығы бойынша шаруалармен кездесу өткізу жоспарланғанын айтып, көмек қарастырылатынын жеткізді. Жетісайлық шаруа мал басын көбейтуге жеңілдетілген несие алуға ниетін білдірді. Өтініш иесіне кепілсіз несие берілмейтіні айтылып, заңдылықтары түсіндірілді.
Азаматтардың өтініш-талаптарын мұқият тыңдаған Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелерді зерделеп, заң аясында шешуді тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізуде. Жеке қабылдауға eOtinish бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазылуға болады.
«AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс жоспарына сәйкес, аудан әкімі Естібаев Аскар Сұлтанұлының жеке қабылдауы өтті. Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтардың мәселелері, Састөбе кенті қарасты елді мекен тұрғындарының бірлікте болуы, жер учаскесін алу, целиакия диагнозымен есепке алынған балаларды глютенсіз емдік тағамдармен қамтамасыз етуге қаржы бөлдіру және де шалғай округтердегі ауыл тұрғындарының тегін медициналық дәрі-дәрмектерге қолжетімділігі, әр дүкендердің маңайына қоқыс жәшіктерін орнату, Жабағылы ауылдық клубын реконструкциядан өткізу және де Түлкібас кентіне қарасты бірнеше мәселелер көтерілді.
Осындай түйткілді мәселелердің кейбіріне тоқталып өтейік. Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Аширбекова Роза Тарасовна тұрғын үй кезегінде бірнеше жылдан бері тұрғандығын айтып, алайда әле күнге дейін ешқандай үй алмағандығын айтып, көмек сұрап келген. Нәтижесінде ол кісі қазіргі тұрғын үй кезегінде 27-ші сатыда тұр. Биыл немесе келесі жылы баспаналы болатындығын түсіндіріп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Телгаревқа азаматшамен байланыста болып, мәселесін шешіп беруді тапсырды.
Түлкібас кентінің тұрғыны Рауан Ерболұлы кентке қарасты бірнеше қажетті мәселелерді көтеріп келген болса, тиісінше аудан әкімі А.Естібаев бұл бағытта Түлкібас кентіне арнайы ат басын бұрып, кездесу ұйымдастыратындығын алға тартты.
Жалпы, бүгінгі қозғалған мәселелердің әрқайсысы сарапқа салынды. Туындаған сұрақтарға жауап беріліп, түсіндіріліп отырды. Жауапты мамандарды сөзге тартып, түсіндірулерін талап етті, шешілу жолдары талқыланды. Нақты тапсырмалар беріліп, тұрғындардың мұң-мұқтажы, талап-шағымы назардан тыс қалмады.