ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН ЖӘНЕ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢДАРЫН АРАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің Жолдауларында әлеуметтік нысандардың сапалы салуды тапсырған болатын. Таяуда ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріп, әсіресе мал бордақылау міселесіне ерекше мән беру керектігін тағы ескертті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына іссапары барысында нысандардың құрылысын қадағалады. Әлеуметтік нысан құрылысын қатаң сынға алған өңір басшысы жауаптыларға талап қойды. Сапасыз және созылған құрылысқа жауапты компанияларды қомақты айыппұл мен қара тізім күтіп тұрғанын айтты. Әкім құрылыста салғырттық танытып, сыныққа сылтау іздемеуді ескертті. Кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруге уақыт берді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің жай-күйімен танысқан облыс әкімі Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мектептердің құрылысын жазға дейін аяқтауды тапсырды. Жауапсыздық танытқандардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды міндеттеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Осы жоба аясында облыста 29 жаңа мектеп ашылады.
– Сіздердің немқұрайлылықтарыңыз халыққа зиянын тигізбеуі тиіс. Құрылыста демалыс деген жоқ. Жұмыс «қайнап жату» керек! Жауаптылар құрылыстың басында жұмысты талап етіп жүруі қажет. Олай болмаса, іс өнбейді. Қаражат бөлінген, құжат бойынша тұруы тиіс есік-терезесі неге әлі салынбаған? Жылу неге қосылмаған? Мен келгенде ғана осында жүресіздер, қалған уақытта көлеңке көрсетпейсіздер. Кімді алдап жүрсіздер? Созбалаңға салмай, мектепті жазға дейін аяқтаңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапарында жергілікті тұрғындармен, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Өрейлі ой, салмақты пікір айтылған кездесуде облыс әкімі қазыналы қариялармен өңірді дамыту жоспарларымен бөлісті. Ел қазыналы қарияларының базынасына құлақ асып, әлеуметтік мәселелерді бірге шешуге шақырды.
– Өңірімізді газдандыру, ауыз сумен қамту секілді маңызды мәселелер басты назарда. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Ең алдымен, жұмыстар халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады. Халықпен етене жақын қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Ұсыныс-тілектер мен ескертулер әрдайым назарда, — деді облыс әкімі.
Облыс әкіміне «Арыс жылу» МКК қарасты модульдік қазандықтың жұмысы таныстырылды. Аталған қазандық өткен жылы толық жаңартылып, табиғи газға ауыстырылған болатын. Қазандықтардың технологиялық процестері толығымен автоматтандырылған. Бүгінде «Арыс жылу» мекемесі арқылы 27 көпқабатты тұрғын үй (1229 абонент), 11 бюджеттік мекеме мен 10 коммерциялық ұйым жылумен қамтамасыз етіліп отыр.
Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде салынып жатқан 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының даму бағытымен танысты. Аталған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы аустралиялық әдіс бойынша жүзеге асып жатқан ең ірі кешендердің біріне айналмақ.
Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру мен ет бағытындағы мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады. Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы аустралиялық тәсілмен жасалады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қала әкімі Қайсар Маңқараевпен бірге кешен жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы мал бордақылау алаңының Арыстың экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтіп, бұл жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде бордақылау алаңына 15 мың бас, биыл тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады. Сондай-ақ серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4 710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жемшөп дақылдарын өсіруді жолға қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда.
Бұл қадам мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс автоматты жүйеде жүзеге асырылады.
Жобаның жалпы құны 16,2 млрд теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ.