БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Нарықтық қатынастар заманында қымбатшылықтың жиі орын алаып жататыны белгілі. Мемлекет тарапынан халықтың ең қажетті тауарларының қымбаттауына жол бермеу шаралары қолға алынып келеді. Түркістан облысының әкімдігі де аумақта халықтың ең зәру тауарларының бағасын қадағалап отыруға назар аударылып отыр. Нарықтағы бағаларды бақылаумен бірге жергілікті әкімдіктер жәрмеңкелер ұйымдастыру арқылы тұрғындардың қолжетімді азық-түлікке қол жеткізуін қамтамасыз ету шараларын жасауда.
Сауран ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жергілікті өнімдерді халыққа қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында азық-түлік жәрмеңкесі өтуде.
Жәрмеңкеге Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Иассы ауылдық округтерінен 10-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Саудаға жылқы, қой, сиыр еттерімен қатар, көкөністер – асқабақ, сәбіз, қырыққабат, пияз, картоп, алма және сүт өнімдері (қаймақ, сары май, ірімшік) шығарылды. Жалпы көлемі 4 тоннадан астам өнім саудаланды.
Сатылған барлық тауарлар аудан тұрғындарына базар бағасынан 15-20 пайыз төмен ұсынылды. Мұндай шаралар жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау және тұрғындардың азық-түлікке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңке халық арасында үлкен қызығушылық тудырып, аудан тұрғындары үшін тиімді әрі пайдалы сауда алаңына айналды. Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, аналарды қорғау мен қолдау, оларға қоғамда құрмет пен қолдау жасау бағытында да ауданда арнаулы шаралар ұйымдастырылып келеді. Сауран аудандық Жастар орталығы жанынан құрылған “Сыр мен сымбат” қыз-келіншектер клубының 1 жылдық мерейтойына орай мерекелік шара өтті.
Аталған клубтың негізгі мақсаты – жасөспірім қыздар, жас келіндер, Аналар алқасы мен Әжелер алқасын біріктіре отырып, өзін-өзі дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ұлттық дәстүрлерді зерделеуге және жеке тұлғаны жетілдіруге бағытталған ортақ алаң құру.
Мерекелік жиынға арнайы қатысқан Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қыз-келіншектер мен Аналар алқасына жылы лебізін білдіріп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, белсенділік танытқан аналарға құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Аналар мен қыз-келіншектер ұлттық дәстүрімізді насихаттауға арналған көрме ұйымдастырып, өз өнерлерін көрсетті. Кеш соңы әсерлі концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.