ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ МЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жаңа Қазақстанды іргелі де бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттердің қатарына көтеру үшін жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу, әрі тұрақты айналысу маңызды. Әйтпесе санасы жетіліп үлгірмеген, бұғанасы қатпаған майысқақ шыбықтай жеткіншектер қоғамдағы неше алуан жаман жолдарға, теріс әдеттерге бой алдыруы ықтимал. Сол себепті жаман әдеттерге бой ұрмауы үшін балалармен тұрақты түрде тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп, оларды қызықтыратын, ынталандыратын шаралар ұйымдастырылып отыруы қажет. Ел болашағы — жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді.
Түркістан облысының білім басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен №32 жалпы білім беретін мектебінде облыс оқушылары арасында «Жастар-нашақорлыққа қарсы» байқауы өткізілді.
Игі шарада Түркістан облысы білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Босымбаев Дәурен Әбдікәрімұлы мен Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бимаханов Марат Асылханұлы жас жеткіншектерге қоғамның басты дерті туралы айтып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараның негізгі мақсаты — нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жастар арасында есірткі таратуға қарсы күреске ықпалын тигізу,есірткі құралдарымен есірткі притондарын жою, қоғамдағы басты зобалаңмен күресу, салауатты өмір салтын қолдау .
Байқауға 17 ауданнан жалпы 170 оқушы қатысты. Алғашқы кезеңде оқушылар топтық жүрісте “Нашақорлыққа қарсымыз” деген ойларын арнайы плакаттар мен суреттерге бейнелеген. Осы тақырыпта эссе жазып, бейнероликтерін таныстырды. Салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Қазылар алқасы шешімі негізінде, әр номинация бойынша қатысушылар жүлделі орындармен марапатталып, жетекшілерге “Алғыс хат” табысталды.
Бала тәрбиесі — баршамызға ортақ міндет. Бала тәрбиесін арттыру Түркістан облысы білім басқармасының басты назарында. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру бойынша 2024-2025 оқу жылында өнегелі ұрпақты тәрбиелеу бағытында медиа жоспар бекітіліп, балаға пайдалы түрлі іс-шаралар қолға алынған.
Бүгін Кентау қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында Кентау қалалық білім бөлімі мен Кентау қалалық прокуратураның ұйымдастырумен «Қоғамдағы бала тәрбиесінің өзекті мәселелері» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты — мектеп,ата-ана, ұстаз және қоғам болып бірігіп,сапалы білімді, саналы, тәрбиелі және бәсекеге қабілетті заман талабына сай, салауатты ұрпақ тәрбиелеуді қалыптастыру.
Алқалы жиынға Түркістан облысы білім басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Босымбаев Дәурен Әбдікерімұлы, Түркістан облысы білім басқармасы Білім беруді дамыту орталығы, Тәрбие және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Пірімбетова Шарипа Құдайбергенқызы, Кентау қаласы прокуратурасының аға прокуроры Әбілқасымов Бақберген Дүйсенбекұлы,Кентау қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Тоқбергенов Абдрахман Есентайұлы, Кентау қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Сарсенкулов Азамат Ерғалиұлы, Қалалық емхана басшысының орынбасары Андабасова Алия Сагидулатовна, Жастар ресурстық орталығының басшысы Азат Сұлтан Бақытұлы, Кентау қалалық Ардагерлер ұйымының мүшесі Құлжанов Жұбандық, Әжелер алқасының мүшесі Сағимбаева Майра Қызырбекқызы,Сағымбекова Айзада Зинадинқызы, қала мектептерінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары,педагог ұйымдастырушылар, аға тәлімгерлер және жалпы мектептегі ата-аналар комитеттері қатысты.
Бала тәрбиесі — көпқырлы және күрделі процесс. Отбасы, мектеп, қоғам және заманауи технологиялар — барлығы да бала тәрбиесіне әсер етеді. Бала тәрбиесінің өзекті мәселелерін шешу үшін ата-аналар, мұғалімдер және қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Тек осылай ғана біз болашақ ұрпақты тәрбиелеп, олардың толыққанды азамат болып қалыптасуына ықпал ете аламыз.