ЖАС ҰРПАҚТЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

Мемлекеттің жастар саясатын қолдай отырып, еліміздің рухани-мәдени салалардағы отаншылдыққа тәрбиелеуге бағытталған шараларын жүзеге асыру, туған өлкеге, Отанға, ұлтқа деген сүйіспеншілікке баулу бағытында Түркістан облысының өңірлерінде жоспарлы іс-шаралар тұрақты жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде халқымыздың әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалары мен мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жыраулары мен әдебиетшілері көп шыққан киелі өңірлерінің бірі – Отырар ауданында да жергілікті әкімдіктің мұрындық болуымен рухани-мәдени тәрбиеге, әдебиетке құмарлыққа байланысты көптеген жұмыстар жүргізіліп, шаралар өткізіліп келеді. Солардың бірі таяуда өткен жас ақынның жаңа кітабының таныстырылымы болды.
Отырардағы ақындар керуенінің ізін жалғаған, жас ақын Бауыржан Ерманның «Галактикадағы ғұмыр» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Отырар ауданының 90 жылдығы аясында аталып өткен тағылымды шараға келген көпшілік алдымен тақырып аясындағы кітап көрмемен танысып, жас ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында баяндалған бейнефильмді тамашалады.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Жұмаханұлы құттықтау лебізін жеткізіп, жаңа туындының лентасын қиды.
Аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы кеудесін өлең кернеген, көпшілікті өлең-жырларымен баурап жүрген Бауыржан Мейірханұлының «Галактикадағы ғұмыр» атты жаңа кітабы көпшілік оқырманның көңілінен шығатынына сенім білдірсе, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы қай заманда болса да, ел бастаған, көш бастаған азаматтар елдің бірлігін, ынтымағын күшейтуде, елдің елдігін сақтап тұруда елдің зиялы қауымына, ақындарына, жазушыларына арқа сүйей отырғанын айтып, аудан тарихында өзінің азаматтық келбетін қалыптастырып келе жатқан ақынға шығармашылық табыс тіледі.
Шара барысында ақынның ата-анасына құрмет көрсетіліп, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының сый-сыйапаты табысталды.
Шындығында Бауыржан ақынның әр өлеңі өзінің өмірінен алынып, өзінің қоршаған ортаға деген көзқарасын өрнектейді. Оның тағы бір ұтымды жері – оның балалар шығармашылығына ден қоюы. Ақынның «Әке», «Ата», «Жеті қазына», «Тәрбие туралы жыр» сынды өлеңдерінің балалардың көңілінен шығуы, олардың ақын өлеңін жаттап, әнге айналдыра орындауы қуанарлық жағдай. Поэзия кешінде ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдерін ақынның туған ауылынан келген жас жеткіншектер нақышына келтіріп жатқа оқыды.
Шарада «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әділхан Мәлік, “Түркістан” газетінің тілшісі Дәурен Тілеухан, журналист Қайрат Кәрібаев пен Орынбек Қасымбек, ақын Раушан Мұратова мен Нұрғали Сердалиевтер мен Бауыржан ақынның «Отырар» жалпы білім беретін метебіндегі ұстаздары сөз алып, ақынның шығармашылығындағы өзіне тән ұстанымы мен әріптестері арасындағы адами келбеті жайында әңгімелеп, ізгі тілектерін айтты.
Кеш барысында ақын Бауыржан Ерманмен сұхбат жүргізіліп, алға қойған мақсаты мен өмірінің қызықты сәттері баяндалды. Осылайша тартымды да әсерлі өткен әдеби кеш ақынның сөзіне жазылған «Ардақты әке» әнімен қорытындыланды.
Сол сияқты ауданда жас ұрпақтың дене шынықтыруы мен өңірден шыққан ұлағатты тұлғаларды құрметтеуі, туған өлкеге деген құштарлығын арттыру, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау және балаларды оларға қызықтыру бойынша да айтарлықтай шаралар іске асырылып келеді.
Отырар ауданының 90 жылдығы аясында волейболдан 2009-2010 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында Түркістан облысының ашық біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. Отырар ауданының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз мол үлес қосқан ҚР білім беру ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы Асылбек Жақсыбек Бейсенбекұлын еске алуға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, асыл азаматтың іскерлігі жайында айтып өтті.
Ол өз сөзінде: «Отырар еліне қалтқысыз еңбек еткен, ұлағатты ұстаз Жақсыбек Асылбекұлының өмір жолы, келер ұрпаққа қай жағынан алып қарасаңызда өнеге. Ұстаздық ұлы жолымен еңбек майданында шыңдалған арда азамат бар ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиесі мен туған жері Отырардың гүлденуі мен өркендеуі жолына арнады. Спорт пен салауатты өмірді жас ұрпақ бойына сіңірумен бірге, осындай тұлғаларымыздың ел үшін еткен еңбегін жастарға насихаттау арқылы өз елінің патриоты болуға жастарды үндеу баршамыздың міндетіміз»,-дей келе жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Шара барысында Жақсыбек Бейсенбекұлының қызы Айсәуле Жақсыбекқызы ардақты жанның адамгершілігі мен әкелік қамқорлығы жайындағы естеліктерімен бөлісті.
Одан әрі мемлекеттік әнұран орындалып, облыстық ашық бірішілік басталып кетті.
Жақсыбек Бейсенбекұлы 1955 жылы Балтакөл ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің аға пионер вожатыйы, комсомол комитетінің хатшысы болып бастап, Балтакөл ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшысы, төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, өзін ұйымдастырушылық қабілеті зор, әбден шыңдалып, ысылған іскер басшы ретінде көрсете білді. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры болып білім саласында жемісті еңбек еткен арда азамат Балтакөл ауыл округінің әкімі, 2004 жылы Отырар ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында халық ағарту саласына арнап, Түркістан қалалық білім бөлімін басқарды.
Бүгінгі турнирдің мақсаты да халық үшін қызмет еткен тұлғаны дәріптей келе, жас спортшыларды туған жерін сүюге, елге адал қызмет етуге баулу болды.
Облыстық волейбол жарысына Кентау, Арыс қалалары мен Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Келес, Сауран, Отырар аудандарынан жалпы 13 команда қатысып, бақтарын сынауда. Екі күнге созылатын тартысты ойынның жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтармен, медальдар табысталатын болады.