ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУДА МАҢЫЗДЫ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

0
31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауларында және таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да мемлекеттің және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын бәсеңдетіп алмауды тапсырып, ішкі және сыртқы инвестиция тарту, аймақтың ішкі резервтері мен мүмкіндіктерін ашу, жаңа жобаларды іздестіріп іске қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді тапсырған еді.
Түркістан болысы Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа жобаларды іске асыру мақсатында маңызды келісім жасалды. Аудан әкімдігінде өткен жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев пен жоба бастамашылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім аясында кәсіпкерлік субъектілері өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, өңір экономикасына елеулі үлес қоспақ.
Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен тиісті бөлім басшылары қатысып, жобалардың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа нысандар іске қосылып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Жүзеге асырылатын жобалар:
1. ЖК “Кульжан” – жол бойындағы қызмет көрсету орталығы
Бұл жоба Ескі Сауран қалашығының қиылысында орналасады. Кешен құрамына тамақтану орны мен техникалық жөндеу орталығы (СТО) кіреді. Бір мезетте 100 адамға қызмет көрсете алатын қоғамдық тамақтану орны ашылады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба басшысы – Амиров Талғат Базарбайұлы. Құрылыс жұмыстары биылғы сәуір айында басталады.
2. ЖК “YERMET” – жұмсақ жиһаз өндіру жобасы
Қарашық ауылдық округінің өндірістік аумағында орналасқан бұл жобаның қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын жұмсақ жиһаз өндірісімен айналысып, отандық нарыққа сапалы өнім ұсынуды мақсат етуде. Іске қосылғаннан кейін 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
3. ЖК “Sultan Stroi” – құрылыс материалдарын сақтайтын қойма
Бұл қойма Оранғай ауылдық округінде салынып жатыр. Қазіргі таңда аңғар құрылысы жүріп жатыр. 14 адамды жұмыспен қамтитын қойма құрылыс саласындағы кәсіпорындарға сапалы қызмет көрсетуді көздейді.
Елдің ғана емес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында қоғамдық тұрақтылықтың сақталуының маңызы үлкен. Әсіресе, діни сенім-наным бағытындағы жұмыстардың жауапкершілігі үлкен. Яғни әсіредіншілдік пен экстремизм сияқты қоғамды дүрліктірер теріс әрекеттерге жол бермеу маңызды. Бұл мәселеге Түркістан облысында, оның өңірлерінде жауапкершілікпен қарап, діни бірлестіктердің жергілікті ұйымдарының басшыларымен атқарушы органдар аралығында түсіністікпен жұмыс жасауды жолға қойып келеді.
Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (ҚМДБ) Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлеповтің қатысуымен жиын өтіп, ауданның жаңа бас имамы Полатов Еркін Тұрғынұлы ресми түрде таныстырылды.
Кездесуде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бүгінге дейін ауданның бас имамы қызметін абыроймен атқарған Бауыржан Акауовқа ризашылығын білдіріп, оның дін саласындағы еңбегін жоғары бағалап, Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, облыстық өкіл имам Ержан Төлеповке Сауранның тарихы жайлы естелік кітап сыйға тартылды.
Жиын барысында ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Сматұлы өңірдегі діни ахуал туралы кеңінен баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 768 мешіт тіркелген, онда 1200-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, өкіл имам аудан көлеміндегі мешіттердің құжаттарын заңдастыру мәселесіне назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыс діни мекемелердің құқықтық тұрғыдан дұрыс қызмет атқаруына ықпал ететіні айтылды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы дін саласына қатысты барлық бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізіп, жергілікті мешіттердің тыныс-тіршілігін жақсартуға барынша көмек көрсетілетінін айтты. Жиын соңында аудандық мешіттердің алдағы жоспарлары мен даму бағыттары талқыланып, жаңа имамның қызметіне сәттілік тіледі.