ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ӘДІСІ ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ БОЛУЫ КЕРЕК

Жиырмабірінші ғасыр цифрлық, электроникалық технологиялар, айти мен жасанды интеллекттің қарыштап дамуы басталған кезеңге айналып келеді. Сондықтан да, жас ұрпағының білімді де білікті, заманауи ғылым мен технологияларды меңгеруге қабілетті болып өсуін қамтамасыз ету үшін мемлекет басындағылар әлемдегі ең озық білім жетістіктерімен балаларды оқытуды ұйымдастыруы қажет. Қазақстан Республикасының Президенті білім саласында әлемдік озық жетістіктерді балабақша мен орта мектептерден бастап енгізу, жоғарғы білім ордаларында ең үздік ғылыми тәсілдермен оқытуды ұйымдастыру керектігін үнемі айтып келеді.
Түркістан облысында білім саласын дамыту, Түркістан қаласын түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы жұмыстарды жалғастыру жолдарын талқылау мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Үкіметаралық Өкілетті Кеңес төрағасы Мухитдин Шимшек пен аталған университет ректоры Жанар Темірбекованы қабылдады.
Кездесуде университет пен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсу, жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары талқыланды.
Мухитдин Шимшек Түркістанды туризм орталығына айналдыру, Түркістанда Түркология саласындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғимаратын салу, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті білім беру орталығын ашу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Жылына 8 миллион зияратшы мен турист келетін Конья қаласының тәжірибесін енгізу мәселесі де сөз болды.
Нұралхан Көшеров «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жаңа жобаларды бастау, техникалық мамандық иелерін даярлау бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универстеті Түркістанды дамытуға оң серпін бергенін білеміз. Осы оқу ордасынан түлеп ұшқан түлектер елімізді, өңірімізді дамытуға үлес қосып келеді. Аймақты дамытудағы серіктесіміз десек, қателеспейміз. Бүгінде өңірде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары ашылып жатыр. Соларға лайықты мамандар қажет. Университетте аймақтағы өндіріс орындарына қажетті жұмысшылар мен мамандарды даярлайтын бөлімдер ашып, гранттарды бағыттау маңызды. Білім, туризм және өзге де бағыттар бойынша айтылған ұсыныстарды назарға аламыз, әріптестікті нығайта береміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Сол сияқты Түркістанда Қазақ-Корей бірлескен университеті ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу тапсырмасына орай қолға алынған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысын қадағалап, нысанның қазіргі жай-күйімен танысты. Жауапты басшылар мен мердігер компания басшысымен пікір алмасып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.
– Ғимарат биыл аяқталып, оқу жылына толық дайын болуы тиіс. Ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарымен де біраз уақыт кетеді. Сондықтан құрылыс қарқынын төмендетпей, сапалы әрі жүйелі атқарыңыздар, – деген Нұралхан Көшеров 18 қабатты ғимаратты аралап көрді. Сапалы құрылыс материалдарын қолдануды тапсырды.
Бүгінде ғимараттың құрылысы қарқынды. Сыртын қаптау, терезелерін орнату жұмыстары жүруде. Нысан тамыз айында тапсырылады деп жоспарланған. Бірақ мамыр айына дейін аяқтап, тапсыру көзделіп отыр. Жұмысшылар саны да жеткілікті, құрылыс қарқынды.
Айта кетейік, былтыр жауапты министрлік және Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Кореяның 70 жылдық тарихы бар Woosong университеті басшылығымен келіссөздер жргізілген болатын. Нәтижесінде Түркістанда аталған оқу ордасының филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоғары оқу орнында ІТ және өзге де техникалық мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Өндіріске, ауыл шаруашылығын жаңаша бағытта дамытуға қажетті мамандарды даярлау да жоспарға енгізілген.