ЖАЙЛЫ ДА САПАЛЫ МЕКТЕПТЕН БІЛІМДІ БАЛАЛАР ШЫҒАДЫ

0
57

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ел басшысы «Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет» деп үкіметтен бастап жергілікті атқарушы билік өкілдері білім беру саласына ерекше назар аударуы қажеттігін айтты. Себебі, мемлекеттің болашағы сол білім ошақтарынан қалыптасады. Жас ұрпақ мектепте қандай тәрбие алып, қаншалықты білім игеріп шығуына қарай мемлекеттің болашағын жасаушы азаматтар қалыптасады. Сол себепті Түркістан облысында білім беру саласын ерекше назарда ұстау қалпытасқан.
Мемлекет басшысының бастамашылдығымен қолға алынған білім беру саласының сапасын арттыратын бір жоба – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еді. Бұл жоба биылғы жылы аяқталады. Аты айтып тұрғандай барлық жағынан да жайлы білім ғимараты заманауи талаптарға толық сай болып салынып, құрал-жабдықтармен жабдықталуы, кабинеттері, басқа да керек жағдайдың бәрі жасалынған мұндай мектептерді білім беру педагогтер үшін қолайлы болса, білім алу оқушылар үшін өте жайлы болады. Дегенмен, бұл ұлттық жоба аяқталғанымен алдағы салынуы тиісті білім ғимараттары заман талабына сай жиырмабірінші ғасырдың деңгейіндегі талаптарға жауап бере алатындай сапалы болып салынуға тиісті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Олардың инженерлік инфрақұрылым жүйелері 100% тартылған. Былтыр осы жоба бойынша 13 мектеп тапсырылды. 2025 жылы 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен өңірімізде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 29 мектеп бой көтерді. Бірқатары тапсырылды. Ал қазір құрылысы жалғасып жатқан қалған мектептер уақтылы тапсырылуы тиіс. Жұмыс сапасын қадағалауда ұстаңыздар. Ол білім ұяларының директорларын тағайындау, ұйымдастыру жұмыстарын да қатар жүргізіңіздер. Бұл – білім сапасын көтеру бағытында жасалып жатқан маңызды жоба, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл құрылыс жұмыстарының барысын баяндады. 2025 жылы тапсырылатын 16 мектептің 12-сінің шатыры жабылып, ішкі әрлеу, инженерлік инфрақұрылым тарту және сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары 60% орындалған. Қалған 4 мектептің ғимаратының негізгі қаңқалары көтеріліп, шатыр жабу, сыртқы, әрлеу, ішкі сылақ, жұмыстары атқарылуда.
Жоғарыда айтылғандай жайлы да сапалы керек-жарағымен толық жабдықталған мектептерде білім алған балалар жан-жақты білімді болып шығары анық. Түркістан облысында бірқатар білім ордаларында қазіргі кездің өзінде біліктілігімен республикалық деңгейге көтеріліп жүрген оқушылар аз емес. Солардың бірқатары республикалық конкурсқа қатысты.
Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласы, Бурабай курортында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында Түркістан облысы білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен ХХ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсы өтті. Оған өңірлерден 2-7 сынып оқушылары қатысты.
Республикалық сайыста Түркістан облысы, Ордабасы ауданының екі оқушысы Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Нақтырақ айтқанда, Қараспан ауыл округіндегі Б.Оңтаев атындағы жалпы білім беру мектебінің оқушысы Дінмұхаммед Қаныбек Амина Абдрасилованың жетекшілігімен «Қараспанның болашағы – ертегі» жобасын және Шұбарсу ауыл округіндегі «Зерде» жалпы білім беру мектебінің оқушысы Кәусар Әбубәкір Бауыржан Сейітқұловтың жеткшілігімен «Қазақстандағы экологиялық туризм: Қорықтар мен ұлттық парктердің туристік әлеуетін арттыру» жобасын қорғап, үздіктер қатарынан көрінді.