БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІНЕ ЕРЕКШЕ ТОҚТАЛДЫ

0
93

Жаңа Қазақстанның болашағы бекем, іргетасы мықты болуы үшін бүгінгі күннен жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру қажет. Ол үшін бірінші кезекте жас ұрпақтың білім мен тәрбие алатын ордаларының сапасы мен жайлылығын қамтамасыз ету керек. Яғни балабақшалар мен орта білім беретін мектептердің жағдайы жергілікті әкімдіктердің назарынан тыс қалмауы тиіс. Түркістан облысында бұл салаға көңіл бөлу облыс әкімінен бастап, аудан, ауылдардың әкімдеріне де тән. Өйткені, білімді ұрпақ болашақ мықты мемлекеттің кепілі бола алады.
Түлкібас ауданының әкімі Аскар Естібаев жауапты орынбасарларымен Арыс ауылдық округінде болып, ол жердегі білім беру мекемелерінің бүгінгі жағдайымен танысты.
Жалпы 3800 ден астам тұрғыны бар округте 2 мемлекеттік мектеп және 1 балабақша қызмет етеді. Атап айтсақ, Мақталы ауылындағы 300 орындық Байтұрсынов мектебі, Керейт ауылындағы 300 орындық Ағыбайұлы атандағы орта мектебі және 280 орындық Мерей балабақшасы бар.
Қазіргі таңда Байтұрсынов мектебінің негізгі ғимараты ағымдағы жөндеуден өтуде. Атап айтсақ, тозығы жеткен едені мен есіктерін жаңарту жұмыстарымен қатар, ішкі әжетхана құрылысы іске асуда.
Аудан басшысы үш бірдей білім мекемесін аралап шығып, ауласының тазалығы, жылу жүйесі, кабинеттер мен ондағы құрылғылардың, әжетхана, спорт және Акт залы, асханасының жағдайын бақылады. Біршама кемшіліктер анықтап, ретке келтіруді жауаптыларға тапсырды.
Сонымен қоса, балалар қауіпсіздігіне қатысты біршама ескертулер жасап, білім сапасын арттыру бойынша жұмысты жандандыру керектігін атап өтті.
Аудан әкімі Аскар Естібаев жауапты орынбасары және тиісті мекеме басшыларымен бірге Ақбиік ауылдық округінде болып, ол жердегі білім, мәдениет және медицина саласына қатысты мекемелердің қазіргі жағдайын бақылады.
Жалпы 1900 ден астам тұрғыны бар ауылда қазіргі таңда 120 балаға шақталған жекеменшік Ай-Мерей балабақшасы, 625 орындық Иманбеков мектебі, 100 орындық мәдениет үйі мен бір ауысымда 50 адамды қабылдауға шақталған заманауи медициналық тірек халыққа қызмет етеді.
Әлеуметтік маңызды нысандарды аралап шыққан аудан басшысы ғимараттарда біршама кемшіліктер анықтап, ретке келтіруді жауаптыларға тапсырды. Атап айтсақ, балалар тасымалын талапқа сай жүргізу. Медициналық тіректің жылу жүйесіндегі ақаулықтар мен есіктеріндегі кемшіліктерді жауапты мердігер есебінен кепілдік мерзімі аясында жою және т.б.
Сонымен қатар, Асқар Сұлтанұлы мектептерде білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше тоқталып, жауапты орынбасары мен білім бөлімінің басшысына аудандық орта білім беру ұйымдарының білім сапасына қарай арнайы рейтингісін түзуді, және де мектеп бітіруші түлектердің қаншауы грантқа түсіп жатқаның талдап, нәтежиесін баяндауды тапсырды.
Айта кетерлік, білім сапасын арттыру мақсатында ауданымыздағы мектептерді заманауи кабинеттермен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Мәселең, өткен жылы аудан аумағындағы 11 мектеп физика, химия, биология және робототехика кабинеттерімен жабдықталған. 11 мектепке 44 турникет және 464 дана бейне бақылау камерасының топтамасы орнатылып, 532 жаңа парталар берілген. Бұл жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.