КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ САЛАЛАРЫНА МӘН БЕРІЛУДЕ

0
31

ҚР Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттырудың басты талаптарының бірі – ішкі және сыртқы инвестиция тартуды бәсеңсітпей, қайта қарқындата түсу екенін айтқан. Соған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту жұмыстарын күшейте түсуді тапсырған болатын. Осы бағытта Төлеби ауданында 2025 жылы құны 17,9 млрд теңгені құрайтын жеке инвестиция есебінен 100 жоба іске асырылып, 633 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласында: балық және құс шаруашылығын дамыту, тамшалытып суару әдісін қолдану, жеміс-жидекті өңдеп, саумалмен сауықтыру орнын іске қосу бағытында 40 жобаның құжаты әзірленуде. Сондай-ақ өсімдік майын өңдеу, мал бордақылау алаңшасы, сүт өңдеу тауарлы сүт фермасын ашу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Кәсіпкерлік және туризм салалары бойынша: 60 жоба қаралып, 392 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауданда 2025 жылы 2 шағын су электр станциясы, 2 балабақша, минералды су цехы мен 2 емдік сауықтыру орны, 4 спорт кешені, 2 техникалық қызмет көрсету, 6 тамақтану орны іске қосылады деп күтілуде.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов сала басшыларына Мемлекет басшысы инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтауды, оларды жоюды жүктеп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, инвестициялық жобаларды арттыруды тапсырды.
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастырды.
Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте, Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі.
Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі.
Кездесу барысында парк аумағының рекреациялық аймақтарында туризм саласын дамыту жолдары талқыланды. Мекеме басшысы парктың 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналатынын, аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылғанын айтты. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген.
Рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Сол сияқты Сауран ауданы әкімінің аппаратында да кезекті апталық мәжіліс өтіп, жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер қаралып, күн тәртібінде екі негізгі тақырып талқыланды.
Алғашқы тақырып бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 2024 жылы атқарған жұмыстары мен 2025 жылға жоспарланған шаралары сөз болды. Бұл жөнінде бөлім басшысы Дәуірхан Асылбек баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ол халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмектер жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Екінші мәселе «Таза Қазақстан» акциясының Сауран ауданы аумағында орындалу барысы қаралды. Бұл тақырып бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат баяндама жасады. Ол экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жүргізілген тазалық шаралары, сенбіліктер және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қаралған мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын жеткізді.