«ҰСТАЗ» ФИЛЬМІ ПЕДАГОГ БЕДЕЛІН КӨТЕРУГЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

0
45

ҚР Президенті қазақстандық білім саласын реформалап, педагогтердің мәртебесін көтеру жайында бұдан бірнеше жыл бұрын бастама көтеріп, тиісті органдарға осы мәселемен айналысуды тапсырған болатын.Бүгінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, елдің білім беру саласы заманауи бағытта реформалануда. Мемлекет басшысы айтқандай қандай жайлы да толық жабдықталған мектепте білім алғанымен оқушылар ұлағатты педагогсіз сапалы білім мен тәрбие ала алмайды. Сондықтан да, балаға білім беруші ұстаздардың мәртебесі көтеріліп, оқушылардың ғана емес, ата-аналардың алдында беделі кһтеріліп, қоғамда құрметті мамандық иесіне айналуы керек. Осы бағытта да атқарылып жатқан істер бар.
Таяуда түркістандық педагогтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Ұстаз» фильмін тамашалады. Кинотуындының өңірдегі таныстырылымында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильм директоры Думан Алтынбекұлы, продюсері Әбіл Әділбек пен басты рөлді сомдаған актерлері сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы беделі жоғары екенін алға тартты.
– Бүгінгі таңда жаңа заманның талабы да күшейіп, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, білім беру жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Мақтанатын да тұстарымыз жоқ емес. «Ұстаз» фильмі осы ұлы мамандықтың қиындығы мен қызығы мол әр сәтіне терең үңілдіреді. Ұстаз есімінің ең ұлағатты, ең қадірлі мамандық екенін бүгінгі «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдеп өткендей. Шәкірт алдындағы аса жауапкершілік пен оларға білім мен тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардан тұратын мұғалім қызметін айна-қатесіз сипаттаған фильм облыстың барлық аудандарындағы педагогтарға көрсетілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясымен түсірілген фильмнің сценарийін марқұмның жары Гүлмира Зербай жазған. Туындыда өз ауылына қайтып ұстаздық ете бастаған мұғалімнің бастан кешкен оқиғалары баяндалды. Жас маман балалардың білімге деген құштарлығын ояту үшін түрлі тәсіл қолданады. Оқушыларды арман-мақсатқа жетуіне шабыттандырады.
Айта кетейік, фильмнің мақсаты – қоғамдағы педагог мәртебесін көтеру. Толықметражды кино бір айға жуық уақыт ішінде Жетісу облысында түсірілген.
Түркістан облысының білім беру мекемелерінде ұстаздардың ұлағаттылығы мектептері қалыптасқан десек болады. Облыс аумағындағы білім ордаларының оқушылары көптеген республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен білім байқауларында жыл сайын жүздеген жүлделерді иеленуі аймақта ұлағатты да білікті ұстаздар мектебінің қалыптасқандығын көрсетеді.
Облыстық әкімдіктің бастамашылдығымен өңірдегі білім беру мекемелерін барлық қажеттіліктерімен жабдықтап, заманауи жобаларды енгізу бағытында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Төлебидегі «Қазығұрт» жалпы білім беретін мектебінде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Жаңа жұмыс пен шабыттың шексіз деңгейі – Coworking» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара шеңберінде «Coworking» орталығы ашылды. Негізгі мақсат – мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін әдіс-тәсілдер арқылы кітап оқуға деген қызығушылығын дамыту, заманауи технологияларды пайдалана отырып оқушылардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру.
«Coworking» орталығын Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, п.ғ.д., профессор Б.Тойлыбаев және мектеп директоры М.Қарабаев құттықтау сөзімен ашты.
Семинар барысында «Кітап – рухани қазынаның мөлдір бастауы» тақырыбында 9-11 сынып оқушылары арасында пікірталас, «KitapХАН@» кітап оқу сайысының аудандық айлық кезеңі мектеп кітапханашыларының қатысумен өтті. Аталған шараға қатысушы қонақтармен және мектеп кітапханашылары «Бірге жұмыс істеу – жетістікке жету» тақырыбында пікір алмасты.
Кітап — рухани қазынамыз болса, кітапхана — қызмет көрсету мекемесі ғана емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін білім орталығы болуы тиіс. Сол себепті кітапхана жанынан коворкинг орталықтарын ашу жолға қойылған. Бұл жоба жас буынның білімділік сауаттылығын арттыруға, оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.
Ал, Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты №14 Н.Оңдасынов атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткізілген қазақ тілі және әдебиеті пәнінен «Менің атым Қожа» тақырыбындағы ашық сабақ оқушыларға терең білім мен тәрбие беруге бағытталған маңызды шара болды.
Сабақ мақсаты — әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау. Оқушылар шығарманың негізгі идеясы мен оның өзектілігін түсініп, шығармашылық тәсілдер арқылы өз ойларын еркін жеткізді.
Өз пәнін терең меңгеріп, әр сабақта оқушыларға теориялық білім ғана емес, өмірлік тәжірибесі арқылы жан-жақты түсіндіре білетін Тамара Өсербаева шәкірттерінің жүрегінен орын алған ұстаз. Оның әрбір сабағы – шеберлік пен ізденістерге толы.
Мәселен, аталған іс-шара шеңберінде «Галереяға саяхат» әдісі арқылы шығарма идеясын ашу жұмыстары өте қызықты әрі пайдалы болды. Бұл әдіс оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, оларды топтық жұмысқа баулыды.
Сонымен қатар, шығарма мен кинофильм арасындағы байланыс арқылы оқушыларды түрлі көзқарастарға үйретуге мүмкіндік туды. Әртістермен сәйкестендіру оқушылардың визуалды ойлау қабілетін дамытуға көмектесті. Сабақты бекіту кезінде «Егер де» әдісі арқылы қазіргі таңда Қожа секілді балалармен мектепте жұмыс жасайтын ұйымдар туралы пікірталас жүргізілді.
Қорыта айтқанда, ашық сабақ барысында оқушылар Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы арқылы адам өміріндегі тәрбиенің, білімнің, және өскен ортаның рөлін терең түсініп, адамның тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін факторларды ашып көрсетті. Тәжірибелі де, кәсіби ұстаз Тамара Алмахамедқызы, өзінің бұл әдісі арқылы балалардың өз пікірлерін ашық білдіріп, күрделі мәселелерді шешуге мол мүмкіндік туғызды.