ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

0
33

Мемлекет басшысы «Қуатты өңірлер – Ел дамуының дарайвері» деп айтқандай аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Сондықтан да, Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келді. Мақсат – аймақты дамыту жұмыстарымен танысу, су нысандарының жай-күйін бақылау және мемлекеттік бағдарламалардың халыққа қолжетімділігін үйлестіру.
Вице-премьер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сауран ауданына барып, жақында пайдалануға берілген аумақтық органдар ғимаратын аралап көрді. 2,1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы 7 300 шаршы метрді құрайды. Мұнда мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Жалпы, құрылғанына 4 жыл болған Сауран ауданының инфрақұрылымы жақсарып, әлеуеті көтеріліп келеді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында ауданда 5 нысан салынған. Өзге жобалар бойынша да әлеуметтік нысандармен толығуда.
Саурандағы аумақтық органдар ғимаратында вице-премьерге аймақта «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы таныстырылды. Осы жоба арқылы салынған ғимараттар мен алдағы жоспарлар баяндалды.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 5 жылда 113,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде 328 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық адамға жұмыс орындары ашылды.
Сонымен бірге, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Кентаудағы «Қосқорған» су қоймасының жай-күйімен танысты. Аталған нысан маңында вице-премьерге су тасқынына қарсы іс-шаралар, ауыз сумен қамтамасыз ету, жылумен қамту, ұлттық жоба аясында желілерді жаңарту, электр энергиясы мен газбен қамту жұмыстары баяндалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Қанат Бозымбаев су тасқынының алдын алу, су нысандарын реттеу жұмыстарын күшейтуді, жауапты мекеме басшыларына өз міндеттеріне мұқият болуды тапсырды.
Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспары бекітіліп, 39 іс-шара енгізілген. Қазіргі таңда 28 іс-шара толығымен аяқталып, қалған іс-шаралар бойынша жұмыстар жалғасуда.«2024-2025 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізу» жоспары аясында 461 шақырым арықтар (арық саны – 1203), жалпы ұзындығы 654 шақырымды құрайтын 165 канал, 30 шақырым дюбинг-өткелдер тазалаудан өткізілген. 9 өзеннің арнасы тазаланып, 5 шақырым канал бетондалды. Нәтижесінде 24 елді мекенде су басу қаупі сейілді. Су тасқынының алдын алу бойынша жоспардан тыс Бөген өзенінің 2,5 шақырымын, Боралдай өзенінің 3 шақырым арнасын түзету жұмыстары жүргізіліп, Ақбастау елді мекенінде 600 метр қашыртқы қазылды. Нәтижесінде 4 елді мекенде су басу қаупі сейілді. Автокөлік пен темір жолдарындағы өткелдердің (жалпы 5476) 89 пайызы тазаланды. Су тасқынына қарсы инертті материалдар, техникалар әзірленген.
Түркістан облысында қаңтар айында қардың деңгейі 40 сантиметр болды. Өзендердегі су көлемі орта деңгейден төмен. 42 су қоймасының жалпы толу деңгейі орта есеппен 35 пайызды құрайды. Оның ішіндегі 5 ірі су қоймасына келсек, «Шардара» су қоймасы 85 пайызға, «Көксарай» су реттегіші 23 пайызға, «Бөген» 74 пайызға толған. Ал «Қосқорған» су қоймасының толу деңгейі қазірше 4 пайызды құрап отыр. Аталған су нысандары тұрақты бақылауға алынған. Жағдай тұрақты.
2021-2022 жылдары «Қосқорған» су айдындарына көп факторлы тексеру жүргізіліп, су айдынының қанағаттанарлықсыз жағдайда екені анықталды. Су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы алынды.
«Қосқорған» су қоймасының негізгі мақсаты – Сауран ауданына қарасты 5 ауылдық округтегі (Ораңғай, Яссы, Қарашық, Қарнақ, Жүйнек) су басу қауіпінің алдын алу. Сонымен бірге су қоймасы 7 420 гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, «Кеңсай-Қосқорған — 2» су қоймасына ағын су жеткізеді. Наурыз — сәуір айларындағы тасқын сулар есебінен толтырылып, кейіннен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне босатылады. Су қойманың негізгі су көздері – Каратау бөктерінен келетін Байылдыр өзені мен Кентау шахтасының суы.
Сол сияқты Қанат Бозымбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Кентаулық тұрғындар көп жылдан бері елді алаңдатқан №5 Жылу энерго орталығының мәселесі шешіліп, жаңғыртудан өткізілгеніне, осы арқылы жылу мәселесі шешілгеніне Президентке, Үкіметке және облыс, қала әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қаласы ЖЭО-ның «№7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, жылу көздерін жаңғыртуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген Жылу энерго орталығында қазандықтардың қайта құру жұмыстары қолға алынды. 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары атқарылып, 5 қазандықта қайта құру жұмыстары аяқталды. Ал бір қазандық қайта құрудан соң жақын күндері іске қосылады. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. №5 қазандық бюджет есебінен, №6 қазандық демеушілер есебінен жөнделді. Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілері қайта жаңартылды.