ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР РЕТ-РЕТІМЕН ШЕШІЛУДЕ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының билік пен халық арасындағы ынтымақтастықты арттыру бағытындағы тапсырмаларын орындау бойынша Түркістан облысының әкімінен бастап барлық қалалар мен аудандардың әкімдері өз өңірлеріндегі тұрғындармен өзара қарым-қатынаста болып, олардың тілек-өтініштерін тыңдау мен заң аясында орындау үшін жыл бойына арнаулы жоспар аясында кездесулер, жеке қабылдаулар, ашық есік күндері арқылы тұрғындарды қабылдаулар өткізіп келеді.
Таяуда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кезекті жеке қабылдауға әкім орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Қабылдауға келген азаматтар тұрақты жұмыс, тұрғын үй кезегі, қала тазалығы мен сәулеті, жарықтандыру, денсаулық мәселелеріне қатысты ұсыныстар мен өтініштерін айта келді.
Шаһар басшысы азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдап, айтылған мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ орынбасары мен бөлім басшыларына мәселелерді зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сол сияқты Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Аққала ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Ауылдағы инфрақұрылым, көше жарықшамы, жайылым жер сынды мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Әрбір сұраққа әкім нақты жауап беріп, алдағы уақытта олардың кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
«Ауылдың әрбір мәселесі біздің назарымызда. Қазірдің өзінде ауылды газдандыру секілді бірқатар инфрақұрылымға қатысты жобалар іске асырылып жатыр», – деді Қайсар Зәкірұлы.
Кездесу барысында қала әкімі ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін бақылауға алатынын және шешім қабылдау кезінде жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілетінін жеткізді. Тұрғындар осындай ашық әрі жан-жақты кездесу үшін алғыстарын білдіріп, ауылдың одан әрі көркейетініне сенім білдірді.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев жұмыс сапарымен Қызылкөпір елді мекеніне барды. Тұрғындармен еркін форматта кездесіп, ауылды дамыту бойынша жоспарлармен бөлісіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесуде тұрғындар жайылым жер мәселесі мен ауыл арасындағы жолдың жағдайы, электр желілерін жаңарту, сондай-ақ ауылдың әкімшілік бөлінісін өзгерту секілді түйткілдерді талқылады.
Қала басшысы тарапынан әр көтерілген сұрақтарға заңнамалық талапқа сай нақты жауаптар берілді.
Әкім кездесудің маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың әрбір ұсынысы мен мәселесі әкімдік тарапынан жіті назарда болатынын жеткізді.
Қызылкөпір ауылының тұрғындары өз кезегінде алдағы уақытта ауылдың мәдениеті мен инфрақұрылымы одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Арыс қаласы бойынша 2025 жылға аса қауіпті, зиянды организмдердің таралуының алдын алу және оларға қарсы фитосанитариялық іс-шаралар мен жою жұмыстарын жүргізу бойынша ағымдағы жылдың 4 ақпанында Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округтерінде Облыстық инспекция және “Болжам әдістемелік орталығы” ұйымдастыруымен семинар- кеңес өтті.
Оған салаға жауапты мамандар, ауыл әкімшілігі және жайылым жер иелері мен бидай, қарбыз өсіруші диқандар қатысты.
Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне салаға жауапты басшылар тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Арыс қаласы бойынша 2025 жылы ерекше қауіпті зиянды организмдер марокко шегірткелерінің дернәсілдерінен келетін қауіптің алдын алу, болдырмау мақсатында қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, салаға жауапты мамандар Қожатоғай, Монтайтас ауылдық округтеріне шегірткеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары бойынша жайылым жер иелерімен бірлесіп жер телімдерін аралап, зерделеу жұмыстары жүргізілді.