ШАРУАҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУЛАР БОЙЫНША КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
28

Агросектор туралы айтқанда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев бірінші кезекте ауыл шаруашылығында еңбек етуші шаруаларға мемлекет тарапынан арнайы жобалар мен бағдарламалар арқылы көрсетілетін қолдаулар мен жасалатын жеңілдіктерді жауапкершілікпен жүзеге асыруды тапсырып келеді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында республикада ең ауқымды өнім өндіруші өңірлердің бірі болып табылады. Облыста ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен шаруаларына, кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдаулар жасап отыруды назардан тыс қалдырмайды. Тиісті заңнамалар мен бағдарламалар, жолдаулар бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп отырады.
Арыс қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен шаруаларымен келелі кездесу өтті. Арыс, Отырар, Шардарадан келген шаруалар көкейдегі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс барысында жеңілдетілген пайызбен несие алу, тыңайтқыш пен жанар-жағармайға өтінім беру барысында кездесетін кедергілер ашық талқыланып, аудан аумағындағы ағын су мәселесі, су арналарының жағдайы жөнінде сұрақтар қойылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ермұхан Құралбеков агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несиелер мен ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаулар жөнінде баяндап, тәртібін тарқатып айтты.
Өз кезегінде ауылшаруашылық еңбеккерлері жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидиялар, ағын су мен мемлекеттік қолдауларға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы заң аясында зерделеніп, соған сәйкес шешім қабылданатынын атап өтті.
Жиын соңында ауылшаруашылық басқармасы мен жергілікті аудан-қала әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының өкілдері әр шаруамен жеке-жеке кездесіп, жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Барша Арыс қаласының шаруақожалық иелеріне агросалада мемлекеттік қолдаулар бойынша сұрақтары бойынша қалалық ауылшаруашылық бөлімі тарапынан кеңес алуға болатынын назарларыңызға жеткіземіз.
Ауыл шаруашылығы саласында шаруаларды әуреге салып қана қоймай маңдай терімен егіп өсірген өнімін рәсуә етіп, еңбегін еш ететін зиянкестер мәселесі өзекті.
Жалпы, зиянкестерге қарсы жұмыстың маңыздылығын өткен жылдың нәтижесі шегелей түсті. Шегірткелер шаруашылыққа қауіп төндірсе, шіркейлерден адамдар зиян шекті. Бұл бағытта нақты алгоритмге сәйкес, ұйымдасқан, ғылыми тұжырымға сүйене отырып жүйелі әрі жедел әрекет жасау қажеттілігі облыс әкімінің басшылығымен талқыланып, шаралар бекітілді.
Осыған орай, Арыс қаласында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына дайындықты пысықтау үшін жауапты басқарма басшыларының, аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен кезекті рет жиналыс өткізді.
Қазіргі таңда болжам орталығы ұсынған картаға сәйкес, облыстағы дәріленетін аймақтарда 65 топ жұмыс істейтіні белгіленді. Әр топқа химиялық өңдеуге белгілі бір аймақ бекітіліп, нәтижелі жұмыс үшін олар барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етілмек.
Арыс, Сарыағаш, Келес аудандарында 3 мыңнан астам азаматтың иелігіндегі жер қауіпті аймаққа енген. Нұрбол Тұрашбеков әкімдіктерге жаңа ошақтарды анықтау мен дәрілеу нәтижесін бақылауға жер иелерін қатыстыруды тапсырды.
Жұмыс штабтарын өздеріне белгіленген аймақтарда орналастыру келісілді. Штабтарға дәрілердің мерзімінде жеткізілуін, судың қолжетімділігін, олардың дәрілеу құралдарымен толық жабдықталуын қамтамасыз ету ісі тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
— Дайындық ақпан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Жұмыстың басталуы ауа-райына байланысты екенін түсініп отырсыздар. Жер қызған кезде күбіршелерден жәндіктер жердің бетіне шығады. Екі аптада қанаттанып үлгереді. Осы екі аптада дәрілеуді, қажет болса, ауысыммен тоқтаусыз жүргізуіміз қажет, — деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Облыс картасының кескінінде техникамен, ұшақпен және жаяу жүріп өңдейтін жерлер белгіленді. Аудан-қала әкімдерінің орынбасарларына өңірлердегі дайындықты пысықтап, туындауы мүмкін өзекті мәселелер мен қажеттіліктер тізімін тез арада ұсыну тапсырылды.