АССАМБЛЕЯ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ САҚТАУҒА ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасының халқы түрлі тарихи жағдайларға байланысты қазақ ұлтымен бірге жүзден астам этностар өкілдерінен құралған. Ел егемендігін жариялағаннан кейінгі жылдары келмеске кеткен КСРО құрамында болған одақтас республикалардың бірқатарында ұлтаралық қақтығыстар орын алып, қақтығыстар болды. Қазақстанның басшылығы қазақстандықтарды ондай келеңсіздіктерден сақтап қалуға, бейбіт даму жолын ұстануға барлық күш-жігерін жұмсап келеді. Тәуелсіз Қазақстанда барлық азаматтардың ұлты мен діни сеніміне қарамастан бейбіт қатар өмір сүруі үшін барлық жағдайлдар жасауға тырысты. Оған қазақ халқының толеранттығы қосылып, ұлтаралық ірі қақтығыстарға жол берілмеді. Сонымен қатар республикада Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып оған елдегі негізгі этностық топтардың өкілдері сайланды. Бұл ұйым мемлекетпен қоян-қолтық жұмыс жасап, елдегі қоғамдық келісімді сақтауға, ұлтаралық іріткі салуға жол бермеу бағытында белсенді жұмыс жасады. Содан бері отыз жылдың мұғдары болыпты.
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары талқыланды. Оған облыстар мен өңірлердегі жауапты шенеуніктер бейнебайланыс арқылы қатысты. Солардың ішінде Түркістан облысының өкңлң де бейнебайланыс арқылы қатысып, Ассамблеяның отыз жылдығына орай аймақта атқарылатын шаралар туралы баяндады.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы, өңірлердің ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларының, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар қатысты.
Кездесуде белгілі болғандай, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында елімізде 400-ден астам ірі іс-шара өтеді. Мерейтойлық іс-шаралар 2025 жылдың 1 наурызында (ҚХА құрылған күні) басталады.
Жиын барысында бейнебайланыс арқылы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірде іске асырылатын жобаларды таныстырды.
Оның айтуынша, мерейлі мерекеге орай облыс әкімдігінің қолдауымен өңірде 58 ірі іс-шара жүзеге асырылады. Оның ішінде ел бірлігін нығайтуға серпін беретін бірнеше тележобалар, қоғамдық-көпшілік, спорттық және жастарға арналған ауқымды іс-шаралар бар.
Бұл ретте, ҚХА-ның қызметін дәріптеуге, халық арасында кеңінен насихаттауға арналған «Достық мекені», «Өскен өңір», «Жол-жөнекей», «Көзқарас», «Жақсы көрші тынысың», «Жаңа қала» тележобалары, ауылдардың тыныс-тіршілігін, шаруалардың еңбегін, кәсіпкерлердің кәсібін көрсетуді мақсат еткен «ТҮРКІСТАН VIBE» реалити шоуы жүзеге аспақ.
Мерейтойлық жылға байланысты этнос жастары арасында «Спорт – достық алаңы!», «Шынықсаң шымыр боласың!», «Спорт – достықтың жаршысы!» сайыстары өткізіледі. Этнос өкілдері тығыз шоғырланған Мақтаарал ауданында «Футбол академиясы» ашылады.
– Жастарды қолдау – Ассамблеяның негізгі бағыттарының бірі. Әр салада еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жүрген жастар туралы «Біздің буын» тележобасы, жастардың қатысуымен «Ой дода», «Кім білгір», «Ақыл-ой» интеллектуалды ойындары, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» пікірталас алаңы, әскери-патриоттық «Жас сарбаз» байқауы ұйымдастырылады. Сонымен бірге түркі халықтарының әсем әуендері шырқалатын және олардың шығу тарихы насихатталатын «МУЗ-Life» («Turk music») және өнерлі, талантты этнос жастарын қолдауға бағытталған TURKISTAN LAND тележобалары іске асырылмақ, – деді Эльмира Жанғазиева.
Бұдан бөлек, «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамдағы бес кеселмен жүйелі күрес жүргізу, оның алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған «Шипа» тележобасы іске асады.
ҚХА-ның «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында этнос жастарын патриоттық рухта тəрбиелеу мақсатында «Тарихи таным», «Достық керуені» экскурсияларын, «Созақтан Түркістанға» жаяу экспедициясын, облыстық Ассамблеяның құрылып, қалыптасуына үлес қосқан азаматтар туралы арнайы кітап шығару жоспарланған.