ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ТАЗАЛЫҚҚА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРДЫ

0
29

Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов М.Әуезов көшесінің бойымен жаяу аралап, ауылдың инфрақұрылымы мен санитарлық тазалығының жағдайын бақылап, көшенің көрнекі келбетіне, тұрғын үйлердің жағдайына, кәсіпкерлік нысандарға және басқа да маңызды мәселелерге ерекше назар аударды.
Аудан басшысы аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша түрлі тапсырмалар беріп, олардың шешілу жолдарын талқылады.
Атап айтқанда, көшенің санитарлық тазалығы мен қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігіне байланысты, үйлердің қас келбеттерінің жақсаруына, әсіресе ескі ғимараттардың жаңартылып, заңсыз соғылған ғимараттарға қатысты қажетті шаралар қабылданатыны айтылды.
Сондай-ақ, ауылдың инфрақұрылымдық жағдайына да тоқталды. Арық атыздарының тазалығы мен дұрыс жұмыс істемеуі туралы мәселе көтеріліп, жауапты басшыларға бұл бағытта жұмысты күшейту тапсырылды және жарықтандыру жүйесін жаңарту бойынша жауапты тұлғаларға көшедегі жарық шамдарының дұрыс жұмыс істеуі үшін нақты тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, Ерлан Нұрмаханов көшенің сәулеттік келбетін жаңарту мәселесіне де көңіл бөлді. М.Әуезов көшесі бойынша бірқатар сәулеттік жобалар ұсынылды, оның ішінде жол жиегін абаттандыру, жол төсемін тегістеу және тротуарларды жөндеу мәселелері қаралды. Аудан басшысы бұл жұмыстардың елді мекеннің көркін жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Автомобиль жолының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда көшенің бірнеше бөлігіне жаңа жол төсеу жұмыстары қажет екені белгілі болды. Осыған байланысты арнайы жобалар мен ұсыныстар тыңдалып, құрылыс жұмыстарының мерзімдері белгіленді.
М.Әуезов көшесін аралау барысында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов бөлім басшыларымен бірлесіп аталған мәселелердің шешімін табу үшін жоспарлы жұмыстарды қолға алу керектігін жеткізді. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауылдың инфрақұрылымын жетілдіру және көркейту бойынша нақты қадамдар жасау мақсатында аудан әкімдігі барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
Сонымен қатар аудан әкімі өңірдің тұрғындарына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, елдімекендерінің тазалығы мен көгалдандыруы, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық ахуалды сақтауға арнаған үндеуін жолдады.
Құрметті Бәйдібек ауданының тұрғындары!
Ауданымыздың болашағы мен дамуы тек біздердің бірлескен күш-жігерімізге байланысты. Көркею мен дамуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Біз тек табиғат пен қоршаған ортаға ғана емес, өзіміздің ортақ үйіміз — ауданымызға да жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Мен сіздерді көшелерімізді, саябақтарымызды таза ұстауға, қоғамдық орындарды әрдайым күтіп-баптауға, үй маңайларын ретке келтіруге шақырамын. Қоқыс пен қалдықтарды арнайы орындарға тастап, қала мен табиғаттың тазалығын сақтау біздің азаматтық борышымыз екенін ұмытпаңыздар!
Ұсақ қоқысты тастаудың өзі үлкен өзгерістерге бастау береді. Әрбір шағын іс-шара біздің ауданымыздың көркеюіне үлес қосатыны сөзсіз. Біздер экологиялық мәдениетімізді арттырып, табиғатқа деген құрметті күшейтсек, Бәйдібек ауданымыз одан сайын жасыл, таза және әдемі болады.
Ауданымыздың әрбір тұрғыны жауапкершілікті өзіне міндет деп санаса, бәріміз бірге таза әрі әдемі ортада өмір сүретін боламыз. Сондықтан, сенбіліктер мен қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, тазалыққа мәдениетімізді дамытуымыз қажет.
Баршамыздың ортақ күшімізбен ауданымызды көркейтіп, таза өмір салтын қалыптастыру — біздің басты мақсатымыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сондықтан ауданымыздың тазалығы мен көркеюі үшін бірігіп жұмыс істеуге шақырамын !