ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНЫП, АУЫЛДАРҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысының Жолдауларында алға қойылған міндеттер мен облыс әкімінің биылғы жылға берілген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша қала, аудандардың әкімдері жаңашылдықпен, нәтижелі жұмыс істеу үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін көтеру жұмыстарын жандандыра түсті.
Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауданның өзекті мәселелері талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, қала, кент, барлық ауылдық округтің әкімдері қатысқан жиында ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылған және атқарылатын жұмыстардың барысы, Жетісай қаласы мен Асықата кентінің, ауылдық округ орталықтарының сәулеттік келбетін өзгертуге бағытталған ұсыныстар мен «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептердің жағдайы, көркейту-көгалдандыру жұмыстары мен мемлекеттік сатып алудың 2025 жылға жоспарын веб-порталға орналастыру туралы мәселелер пысықталып, нақты тапсырмалар берілді.
Нақтырақ айтар болсақ, ағын суды үнемдеу технологиясын шаруашылықтарға енгізу мен көктемгі дала жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, бақылауға алу мәселелері ауданның ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековке тапсырылса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаевқа заңға сәйкес қаржының игерілуі мен салықтық түсімдер бойынша жоспарға сәйкес жұмыстар атқару талаптарының қатаң сақталуын тапсырылды.
Сонымен қатар, мәжіліс барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысы және өзекті мәселелері, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасаса, аудандағы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан мектептердің жай-күйі жайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишевтың баяндамасы тыңдалды. Қала, кент, ауылдық округтерді көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданындағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2024 жылдың қорытындысымен аудандағы 105 елді мекеннің 66-сы көгілдір отынға қосылып, табиғи газ тұтынатын елді мекендердің үлесі 62,85 пайызға жеткен.
Өткен жылдың өзінде Ж.Ералиев ауылдық окрунің Абай елді мекені, Қызылқұм аулдық округінің Қызылқұм, Қызылту, Қарасақал елді мекендері толық газдандырылса, биылғы жылдың басынан бері Қызылқұм ауылдық округінің Түркебай елді мекені табиғи газға қосылған.
Аталмыш жұмыстар өз жалғасын тауып, тағы 2 елді мекенге газ берілді. Абай ауылдық округінің Халықтар достығы және Қызылқұм ауылдық округінің Жалпаққұм елді мекендерінің тұрғындарын газға қосу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Қахарбай Исаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Бұған дейін қысы-жазы қатты отынды тұтынып келген қос елді мекеннің 700-ге жуық отбасы енді табиғи газдың игілігін көретін болады.
Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін 11 елді мекенді, яғни Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс, Ж.Ералиев ауылдық округінің Жетіқазына, Бәйтерек, Сейфуллин, Мақталы ауылдық округінің Сарқырама, Мақталы, Алмалы, Жібек жолы, Теміржол, Қызылқұм ауылдық округінің Датқа, Ақтөбе, Алғабас, 1-мамыр, Қосқұдық, Мақталы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Күрішті елді мекендеріндегі 1629 үйді табиғи газға қосып, 2027 жылы тұрғындардың газбен қамтылуын 100 пайызға жеткізу жоспарланған.