КЕЛЕС АУДАНЫНДА 100 МВТ КҮН ЭЛЕКТРСТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

0
31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым елдің әлеуметтік-экномикалық дамуының қарқынын арттыру үшін министрлерден бастап жергілікті әкімдерге дейін жауапкершілікпен, жаңашылдықпен, табандылықпен жұмыс жасауы тиістігін айтып келеді. Ел экономикасын көтеруде жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымдардың сапасын арттыру, өнеркәсіпті әртараптаныру мен ішкі және сыртқы инвестиция тарту жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет.
Түркістан облысының Келес ауданында құны 55 млн АҚШ долларын құрайтын 100 МВт күн электрстанциясы салынады. Бүгін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жобаны жүзеге асыратын «Солнечная Система» ЖШС қызметінің атқарушы директоры Нұрбек Абдешевті қабылдады. Қос тарап алдағы жоспарды талқылап, жобадан күтілетін нәтиже баяндалды.
Қуаттылығы сағатына 100 МВт құрайтын стансының құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы іске қосылуы жоспарланған. Құрылыс кезінде 100-ге дейін уақытша жұмыс орнын және нысанды пайдалану кезеңінде 8 жұмыс орны ашылуы көзделген. Жоба аяқталған соң қуаты 100 МВт күн электр станциясын пайдалану кезіндегі жалпы аймақтық өнім өсімі жылына шамамен 2,5 млрд теңгеге ұлғаюы күтілуде.
Аудан басшысы шекаралық аумақта орналасқан өңірдің ауа райы әрдайым жылы, мұндай жобаны жүзеге асыру өте қолайлы, сондықтан бұл экономикалық, экологиялық жағынан да тиімді екенін атап өтті. Кездесу барысында жер және жоба жүзеге асатын аумаққа қажетті инфрақұрылым жүйелерін тарту бағытындағы мәселелер талқыланды.
Түркістан облысының географиялық табиғи жағдайы аймақта шаруашылық жүргізудің әралуандығына мүмкіндік береді. Соның арқасында облыс тұрғындары мен еңбеккерлері өздерінің кәсіптерінде түрлі әдістерді, табиғаттың құбылыстарын тиімді пайдалануды іске асырып отыруға тырысады.
Еліміздің өзге аймақтарында қыс күшіне мініп тұрса, келестік шаруалар қырыққабаттың алғашқы өнімін жинауға кірісті. Біртілек ауылдық округіне қарасты Жолбасшы ауылының тұрғыны Шералы Тәжібаев 2 гектар аумаққа қырыққабат өнімін егіп, бүгінде 38 тонна өнім алып отыр. Былтыр қара күзде егілген көкөніс қазір пісіп жетілген. Шаруа ақпан айында тағы 100 тонна өнім алуда жоспарлап отыр. Жиналған өнімнің алғашқы легі еліміздегі үлкен қалаларға жөнелтілуде.
– Биыл қар аз түсті. Қыс суық бола қойған жоқ. Жеңіл жамылғының астына егілген көкөніс көшеті тез тамыр байлады. Жиналып жатқан қырыққабаттың әрқайсысының салмағы 4 келіге дейін барады. Қырыққабатты ертерек ексек, мұнан кейін сәуір, мамыр айынан бастап екінші өнім егеміз. Ерте шықса бағаға да әсер етеді. Қанша ерте шықса, сонша қымбат болады, — дейді Шералы Шырынбайұлы.
Жыл он екі ай тыным көрмейтін келестік диқандардың дені қазір қырыққабат егіп жатыр. Өңірдегі шаруашылықтар мың гектарға жуық жерден астам жерге көкөністің осы түрін егуде. Бір маусымда егістіктен үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді болды. Өткен жылы Келес ауданы бойынша 2 400 гектарға қырыққабат өнімі егіліп, шаруалар 35 мың тонна өнім алды.
Сонымен қатар ерте егілген қырыққабаттарын жинап, жаңадан тағы егіп жатқандармен бірге келестік диқандардың арасында картоп дақылын егуге кірісіп жатқандар да бар.
Келес ауданы, Аққорған ауылында қыс мезгілінің ортасы болғанымен, егін егу басталып кетті. Қазақстанның кейбір аймақтарында күн суып, аяз болып жатса, бұл жақтың халқы түрлі өнімді егуді бастап кеткен екен. Табиғаттың тиімді жағдайын пайдалана отырып облыстың оңтүстігінің шаруалары бір өнімнен бірнеше мәрте өнім алуға тырысады.
Президенттің ауыл мен қала тұрғындарының өмір сүруі мен тұрмысындағы айырмашылықты азайту бойынша тапсырмасына сәйкес, ауылдық елдімекендердің тұрғындарына құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісі Түркістан облысының аудандарында жүйелі жүргізілуде.
Әділет министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған құқықтық түсіндіру жұмыстары бойынша іс-шаралар жоспарының 30-тармағына сәйкес ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындарға (шалғай жерлерді қоса алғанда) құқықтық ақпараттың қолжетімділігін қамтасыз ету және құқықтық көмек көрсету үшін «Құқық кабинетін» ашу көзделген.
Аталған бастаманы қолдау азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қажетті материалдармен танысуға көмектеседі, сондай-ақ олардың құқықтық мәселелер бойынша құқықтық кеңестер алуға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда Келес ауданы ауыл және ауылдық округ әкімі аппараттарында «Құқық кабинеті» жасақталып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Келес ауданы әкімі аппаратының заң бөлімі тарапынан Келес ауданында орналасқан құқық кабинеттің функционалдығы тексерілді.