ҮЙІРМЕЛЕР АРҚЫЛЫ БАЛАЛАРДЫҢ ЗЕРЕКТІГІ АРТА ТҮСЕДІ

0
34

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ауылды жерлерде тұрғындардың , оның ішінде балалардың жан-жақты дамып, рухани-мәдени, денсаулығы мен дене шынықтыру, білімдерін жетілдіруінің маңыздылығын айрықша атап өтіп, осы бағыттағы әлеуметтік нысандардың құрылысын салу мен олардың ел игілігіне сапалы жұмыс істеуіне қол жеткізудің маңыздылығына мән берудің қажеттігін үнемі ескертіп келеді.
Түркістан облысындағы аудандар мен ауылдардағы мәдениет, білім, спорт нысындары зерделеніп, жөндеу бойынша жұмыс атқарылады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, құрылыс жұмыстарын қажет ететін бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мәселені шешу жолдарын саралады.
Алдымен Зағамбар елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің жай-күйімен танысты.
Мектеп 2000 жылдың басында тұрғындардың асарлатып, күш біріктіруімен бой көтерген. 2018 жылы қосымша ғимарат соғылған. Білім ошағында физика, химия, биология, мультимедия, робототехника STEAM кабинеттері, асхана, спорт залы бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ғимарат бейнебақылау камераларымен қамтылған.
Облыс әкімінің орынбасары мектепті аралау барысында білім ошағының жай-күйіне баса мән беріп, ұстаздармен тілдесті. Мектепте ақпараттық көрнекіліктерді жаңартып, оқушылардың араласып білім алуы қажеттігін айтып, ұстаздарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өз қызметтерін адал атқаруды тапсырды. Жауаптыларға оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы керек екенін айтты.
Қазіргі таңда білім ошағының оқу корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажеттігі жөнінде облыстық білім басқармасына ұсыныс берілген. Қаржы бөлініп, құрылыс жүргізілсе, мектептің жиhаздары мен компьютерлерін жаңарту жоспарлануда.
Облыс әкімінің орынбасары мұнан соң Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің жұмысшы мамандықтарының оқу базасына барып, студент жастармен кездесті. Кездесу барысында студенттерге заман талабына сай өз ісінің кәсіби маманы болуы үшін білім алып, үнемі ізденісте жүріп, уақыт ағымына бейім болу қажеттігін айтты. Пікір алмасты.
Спорт, мәдениет, дін істері және жастар саясаты салаларының жай-күйімен танысу үшін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Төлеби ауданына іссапармен арнайы барды. Онда қоғам, мәдениет, дін саласының өкілдерімен кездесіп, осы саладағы түйіткілдер бойынша ұсыныстарына құлақ асып, туындаған сұрақтарына жауап берді.
Бірінші кезекте облыс әкімінің орынбасары тиісті басқармалардың мамандарымен бірге Төлеби ауданының музейіне табан тіреді. Ондағы жәдігерлермен танысты. Музейде тарихи-медени құндылықтарды есепке алу, ғылыми-зерттеу жұмыстары, экскурсия, экспозиция және көрме ұйымдастыру бойынша жұмыс атқарылуда. Жалпы 3 518 экспонат бар.
Нысанды аралау барысында музей қызметкерлері мұражайдағы түйіткілді мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорт бағыты бойынша Леңгір қаласында шахмат, көркем гимнастика және ұлттық билер үйірмесі ашылып, балаларды баулуда. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен ашылған ЖК «Садыкова» үйірмесінің жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев балалардың шахмат, гимнастика үйірмесіне қатысып жүргені құптарлық жайт екенін айтып, баланың ойлау жүйесін жан-жақты дамытып, математикалық ойлау қабілетін дамытып, зеректігін арттыратынын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ, дін өкілдерімен кездесуде аудан аумағындағы рухани жұмыстар жөнінде пікір алмасып, ел тұтастығын сақтау мен өзара ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.