ИНВЕСТИЦИЯ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қосудың басты талабы –ішкі және сыртқы инвестиция тарту, әр өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жергілікті әкімдердің белсенді жұмыс жүргізуіне байланысты екенін үнемі айтып келеді. Түркістан облысының басшылығы да қалалар мен аудандар әкімдерінің осы бағытта сапалы да нәтижелі жұмыс жүргізуін талап етіп, инвестиция тарту мәселесін назарда ұстап отырады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу шараларын жалғастыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түлкібас ауданында тиісті жұмыстар жүруде.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев «Састөбе инновациялық кешені» және «Стандарт пауер» ЖШС өкілдерін қабылдап, жоспарлары мен жобаларымен танысты.
Жылына 1 млн тонна цемент, 400 мың тонна әк және басқа да құрылыс пен өнеркәсіп саласына аса қажетті материалдарды өндеуді жоспарлап отырған кәсіпорындар 2026 жылы іске қосылады деп көзделіп отыр. Жалпы құны 299 млрд теңгені құрайтын жобалар толығымен іске асқан жағдайда 1200 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
Басқосуда кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік қолдаулары жайында сөз қозғалып, құрылыс жұмыстарының барысы талқыланды.
Аудан әкімі кәсіпорындар іске қосылған жағдайда жұмысшының басым бөлігі аудан тұрғындары болуы қажеттігін ескертті. Сонымен бірге Қытай еліне жаңа технологияларды меңгеру мақсатында қысқа мерзімді оқу курстарына баратын 30 маманды сол маңдағы ауыл тұрғындарынан жіберу керектігін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс науқаны уақытында мердігер компанияларды ауданға тіркетіп, жергілікті бюджетке салық түсіру, құрылыс кезінде ауыл азаматтарын барынша жұмысқа тарту, Кершетас ауылында балалар ойын және спорт алаңшасын салу және Састөбе кентін жедел-жәрдем автокөлігімен қамту бойынша демеушілік көмек беру мәселесі келісілді.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев аудан аумағында әк өндіруге қызығушылық танытып отырған Қытай елінің «Fujian Yonghuan New Material Techology Co. Ltd» компаниясының өкілі Ван Жиангты арнайы қабылдап, келіссөздер жүргізді.
Қытай елінен келген кәсіпкер аудан аумағында көп жылдан бері қызмет атқарып келген «ҮМІТ-СД» ЖШС-нің жұмысын жандандыру мақсатында кәсіпорынға инвестиция құйып, жаңа технологияларды енгізу арқылы жылына 150 мың тонна әк өндіруді көздеп отыр. Қазіргі таңда аудандық кәсіпорынның кен орнынан жер сынамасын алып, ондағы әк құрамын анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Асқар Сұлтанұлы шет елдік инвесторымен сұқбаттасу барысында аймақта туризм және ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары екеніне тоқталып, бұл бағытта қызығушылық танытқан жағдайда мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді. Сонымен қоса, аудан әкімі жоспарлар іске асқан жағдайда жаңадан ашылатын жұмыс орындарының 95 пайызын аудан тұрғындарынан қабылдау керектігін атап өтті.