ОТБАСЫН ҚОЛДАУ МЕН БАЛАТӘРБИЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӨЗЕКТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет.Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деп атап өткені белгілі.
Еліміздің барлық өңірлерінде Отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына енгізілген. Осы орайда, Кентау қаласында Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады.
Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова орталық басшысын тағайындап, орталықтың маңыздылығына тоқталып, мекеме қызметкерлері қиын жағдайға тап болған отбасының барлық мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Орталық басшысы болып Арай Сауранбекова тағайындалды. Мекемеде барлығы 17 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа мекемеде психолог және әлеуметтік қызмет көрсету бөлмесі, уақытша 25-тей адамға жатын бөлме бар, қызмет көрсету бөлмесімен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету бөлмелерінің барлығы талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, орталық отбасы институтын қолдау мақсатында, өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға өмірлік қиын жағдайының күрделенуіне психикалық жайсыздық, тұлғааралық жанжалды ықпал ететін жағдайларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер береді. 6 бағыт бойынша әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсетеді.
Отбасы мен бірге қолдау мен қорғауға мұқтажы жас ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеу мәселесінде, олардың бойына отаншылдық пен рухани қасиеттерді егу мақсатында Сайрам аудандық Жастар Ресурстық Орталығы және «Таулы Қарабақ ұрыс қимылдары ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігі» филиалының бірлескен жоспары негізінде Ақсукент гуманитарлық-техникалық колледжінде «Кешегі майдан – бүгінгі ерлік» тақырыбында патриоттық кездесу өтті.
Келелі жиынға «Таулы Қарабақ ұрыс қимылдары ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Бахтияр Батаев пен ардагер азаматтар, Сайрам аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Ерлан Табиров, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты Дархан Айдархан ағаларымыз арнайы қатысып жастарға ұлттық құндылықтар, рухани байлық пен патриотизмнің жастар тәрбиесінде алар орны туралы өнегелі ойларымен бөлісіп өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қаһармандық пен батырлықты ұлықтап, жастарымызға патриоттық тәрбие беру және ел қорғаған батырларға құрмет көрсету.
Мұндай кездесулер жастарымыздың патриоттық сезімдерін күшейтіп, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыруға зор ықпал етеді. Кездесу соңында ардагер ағаларымыз жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ал, Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалығымен аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудандық полиция бөлімі, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтары қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, білім бөлімінің қызметкерлері мен ауыл және ауылдық округі әкімдері қатысқан жиында 3 мәселе қаралып, талқыланды.
Мәжілісте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы жасөспірімдерге қатысты орын алып отырған жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау бойынша мектеп ұстаздары мен ата аналармен бірлесіп нақты шаралар қабылдап, сәйкесінше жұмыстар жүргізілу керектігін жеткізді. Сонымен қатар мектептердегі барлық материалдық базаны қамти отырып, оқушылардың сабақ кезінде және сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалануда білім беру желісін дамыту керектігін айтып өтті.
Жиын барысында оқушылардың түнгі беймезгіл уақытта жүруінің алдын алу бойынша мектеп ұстаздарымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдыстыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Комиссия отырысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс-пікірлер назарға алынып, хаттамаға енгізіліп, бірқатар тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 5 ақпаны күні Түлкібас ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Д.Серік бір тараптан, Түлкібас ауданының білім бөлімінің басшысы Д.Кыдыралиев бір тараптан өзара ынтымақтастық мақсатында меморандумға отырды.
Меморандумның мақсаты Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында лудомания, жат ағым, тағы басқа да жаман әдеттерге мектеп оқушылары арасында қарсы иммунитет қалыптастыру. Сонымен қатар, мектеп ішінде оқушылардың арасында ұлттық идеологияны насихаттау мақсатында жұмыс жасау болып табылады.