БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕТІН ЗАУЫТТА 27 ТҮРЛІ ӨНІМ ШЫҒАРЫЛМАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің қуаттылығы ел дамуының драйвері екенін айтып, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қарқынды қамтамасыз ету үшін аймақтардың барлық салаларда дамуын қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. Түркістан облысында Президент Жолдауларында алға қойылған міндеттерге сай халық шаруашылығының барлық салаларын қалыпты дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу, өнімді тереңдетіп өңдеу, инвестиция тарту, инфрақұрылым жүргізу, өндірісті әртараптандыру мәселелері де қамтылған. Оған қоса облыс аумағында су ресурстарын үнемдеуге және тамшылата суғару мәселесіне де тұрақты көңіл бөлініп келеді.
Таяуда Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Шардара ауданына іссапармен келді. Министр ең алдымен Шардара су қоймасының жалпы жағдайымен танысты. Министрге облыс әкімінің орынбасары Н.Тұрашбеков, аудан әкімі А.Қарсыбаев және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Казыбек Бедебаев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Н.Нұржігітовқа ауданның зиялы қауымы ағын су каналдарының кейбір жерлерін бетондауды, жыл сайын артып келе жатқан егістік жерлерге ағын су беруді арттыруды айтты. Сонымен қатар, министр ауданда индустриялды аймақта салынып жатқан «Казкрахмал» жүгері өңдеу зауыты өкілдерінің құрылыс маңындағы ағын су каналдарына байланысты уәждерін тыңдады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы әрбір көтерілген мәселені сала мамандарымен талқылап, оларды оңтайлы шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Күні кеше аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласындағы индустриялды аймақта салынып жатқан «Казкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Өндіріс орнының жалпы инвестициялық құны 35,0 млрд.теңге құрайды.
Қазіргі таңда зауытта әкімшілік ғимараты (әкімшілік, асхана, жатақхана), жүгеріні терең өңдеу зауыты, дән сақтау және дайын өнімді сақтау қоймасы салынуда. Жоба іске асырылған уақытта жалпы қуаттылығы 150 000,0 тонна жүгері өңдеп, оның ішінде: крахмал,глютен жүгері сечкасы,жүгері ұрығы тағы да басқа 27 түрлі өнім шығару жоспарлануда.
Қазіргі кезде 70 адам уақытша жұмыс орнымен қамтылған. Зауытты 2025 жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр.
Дайын өнімдер Өзбекстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан елдеріне және «Рахат», «Хамле», «Гарлсберг Казахстан», «ЭРДЖИ Брэндс», «Маслодел», «Ақсайнан», «Алинекс» компанияларына өткізіледі.
Жоспар бойынша кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда, 500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Қарсыбаев аудан әкімі орынбасарларын бөлімдермен бірге жеке-жеке қабылдады.
Ең алдымен аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімі мен аудандық сәулет және құрылыс бөлімдеріне жауапты орынбасары Еркебұлан Қаратүновті қабылдап, атқарып жатқан жұмыстарының есебін сұрап, тұрғын үй, газ, ауыз су, жол, тазалық және инфрақұрылым бойынша жеке-жеке нақты істерді пысықтады. Сондай-ақ, экономика және қаржы, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімдеріне кураторлық ететін Сержан Ильясовтан көктемгі дала жұмыстарына дайындық, игерусіз жатқан жерлер, жайылымдық жер, конкурспен берілетін ауыл шаруашылығы жерлері, тамшылатып суғарылатын жер көлемін арттыру, ағын суды үнемдеу, каналдар мен қашыртқылардың егіс науқанына сақадай сай болуы секілді бірқатар жұмыстарды сұрап, пысықтады.
Бұдан бөлек, мәдениет, спорт, ішкі саясат, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту бөлімдеріне жетекшілік ететін орынбасары Бауыржан Шомпиевтың атқарып жатқан жұмыстарының есебін тыңдады. Алдағы уақытта Шардара ауданының 60 жылдығына арналған іс-шаралардың жоспарларын бекіту, мәдени, рухани және спорттық шараларды сапалы өткізу, сондай-ақ, ауданға тартылып жатқан инвестиция, кәсіпкерлерді несиелендіру, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздықты азайту секілді мәселелер талқыланды.
Арман Қарсыбаев әрбір саладағы ақсап тұрған кемшіліктерді атап көрсетіп, орынбасарлары мен бөлім басшыларына қатаң ескертулер жасады. Жұмысты әдемі есеп үшін емес, шынында әдемі нәтижемен жасауды айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.