Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстанға жұмыс сапарымен келді

Мәртебелі мейманды Алматы әуежайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Бүгін мемлекеттер басшылары бейресми кездесу өткізіп, қаладағы бірқатар нысанды аралап көреді.
Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты. Қала әкімі Ерболат Досаев президенттерге Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты. Сонымен қатар шетелдік және жергілікті альпинистер мен туристер арасында танымал бағыттар таныстырылды.
Президенттерге Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.