Еуропа қазақстандықтарға виза беру тәртібін жеңілдетеді

Қазақстан Президенті Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті, — деп хабарлайды Ақорда.
Кездесуде Қазақстанның Еуропа Одағымен санқырлы ықпалдастығының перспективасы талқыланды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздейтін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше мән берілді.
Кая Калластың айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағымен серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойған аймақтағы алғашқы елдердің бірі. Бұл екіжақты қарым-қатынастың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ол Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын мәлімдеді.