Қазығұртта шахматтан облыстық турнир өтуде

Қазығұрт ауданындағы «Жеңіс» спорт кешенінде «Ұлы Жеңіске – 80 жыл» толуына орай, шахматтан әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер, Азия чемпионы, Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасының қола жүлдегері Гүлмира Дәулетованың жүлдесіне арналған Түркістан облысының жасөспірімдер арасындағы облыстық турнирі өтуде.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев ашып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, шахмат ойынының интеллектуалдық даму мен тұлғалық қалыптасудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар еліміздің атын әлемге танытып жүрген жерлесіміз, халықаралық гроссмейстер Гүлмира Дәулетоваға аудан жұртшылығы атынан шынайы ризашылығын білдірді.
Салтанатты жиында сөз алған Гүлмира Дәулетова турнирді ұйымдастыруға ұйытқы болған барша қолдаушылар мен жергілікті билікке алғыс айтып, жас шахматшыларға алдағы ойындарда сәттілік тіледі. Ол мұндай додалардың жас буынға рухани серпін беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Аталған турнир Қазығұрт ауданында екінші мәрте дәстүрлі түрде өткізіліп отыр. Биылғы жарысқа Түркістан облысына қарасты 17 аудан мен қаладан 130-ға жуық дарынды жас шахматшы қатысуда. Турнир спортшылар үшін тәжірибе алмасуға, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға және шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік болмақ.
Облыстық деңгейдегі бұл мәртебелі дода 19 мамыр күні өз мәресіне жетеді деп жоспарланып отыр.