Еурокомиссия Украинаға 100 миллиард еуро бөлуді ұсынды

Еуропалық Одақ көрші елдерді дамытуға көмек пен қолдауға 200 миллиард еуро жұмсамақшы. Сома «сыртқы әрекеттер» деп аталатын ЕуроОдақ бюджет бабында көрсетілген. Қаржылық жоспар 2028-2034 жылдарға арналған.
«Біз климаттың тұрақсыздығы мен жаһандық көші-қон қысымынан бастап маңызды шикізат үшін бәсекелестіктің күшеюіне, жаһандық ықпалға және нарықтарға қол жеткізуге дейінгі өсіп келе жатқан сын-қатерлер дәуіріне аяқ бастық», — деді халықаралық әріптестік жөніндегі Еуропалық комиссары Юзеф Сикела.
Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Леяен жұртшылыққа таныстырған Еуропалық Одақтың жалпы бюджет жоспары екі триллион еуроны құрайды.
Брюссель 25 миллиард еуроны гуманитарлық көмекке, 42,6 миллиард еуроны кеңейту мен Еуроодақтың көршілестік саясатына жұмсауды ұсынып отыр, бұл бүгінгі геосаяси жағдайда ерекше маңызды. Қаржыландыру 37%-ға артты, бұл үміткер елдерге реформаларды жылдамдатуға көмектесуі керек.
«Черногориямен, Албаниямен, Молдовамен және Украинамен Еуропалық Одаққа қосылу туралы келіссөздер бұрын-соңды мұндай жылдам ілгерілеген емес», — деді Кеңейту жөніндегі Еуропа комиссары Марта Кос.
Украинаны реформалау мен қайта құру үшін 100 миллиард еуро көлеміндегі бөлек пакет жоспарланған.
Марта Кос, Еуропаның кеңею жөніндегі комиссары: «Еуропалық қолдау уақыт өте келе әлсірейді деп ойлағандар қателескен. Уақыт шынымен Ресей жағында емес»,- деді.
42 миллиард еуро Жерорта теңізі аймағына кетеді деп жоспарлануда. Оның бір бөлігі Еуроодақтың көші-қон саясатын қолдайтын болады, яғни, заңсыз көші-қонмен күресте үшінші елдермен әріптестікті нығайту көзделген.
«Біз контрабандашылармен және заңсыз көші-қонмен тиімді күресу үшін қауіпсіздік пен шекараларды қорғауға инвестицияларды арттырамыз. Сонымен қатар, Еуроодақ заңды көші-қон жолдарын дамытуға ниетті»- деді Дубравка Шуйца .
2024 жылы қабылданған көші-қон және баспана туралы Еуроодақ пактісі заңды көші-қонды жеңілдету үшін Мысыр, Тунис және Мароккомен «талант серіктестігін» қарастырады.