Еуроодақ Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін қабылдады

0
13

Еуроодақ Ресейге Украинаға басып кіргені үшін 18-ші санкциялар пакетін мақұлдады. Атап айтқанда, онда «Солтүстік ағын 1» және «Солтүстік ағын 2» газ құбырларына қатысты кез келген транзакцияларға тыйым салу қарастырылған.
Еуропалық Одақ Украинаға басып кіргені үшін Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін қабылдады, деп хабарлайды ЕО кеңесінің сайты.

«Еуроодақ Ресейге қарсы осы уақытқа дейін салынған ең қатаң санкциялардың бірін мақұлдады. Әрбір санкция Ресейдің соғыс жүргізу қабілетін әлсіретеді. Жолдауымыз анық: Еуропа Украинаға қолдау көрсетуден бас тартпайды. Еуроодақ Ресей соғысты тоқтатқанша қысымды күшейтеді», — деді Еуроодақ бас дипломаты Кая Каллас.

Санкциялар «Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін немесе қауіп төндіретін әрекеттері үшін жауапты» 14 жеке тұлға мен 41 ұйымға бағытталған. Жеке тізімдердің жалпы саны 2500-ден асты.

Еуроодақ ресейлік мұнай бағасының барреліне 60 доллардан 47,6 долларға дейін төмендетті. Бұл деңгей мұнайдың қазіргі әлемдік бағасына сәйкес келеді және шектеулерді одан әрі түзетуге мүмкіндік береді, делінген хабарламада.

Санкциялар «Солтүстік ағын 1» және «Солтүстік ағын 2» газ құбырларына қатысты кез келген транзакцияларға жаңа тыйым салуды қарастырады. Бұл құбырларды аяқтауға, техникалық қызмет көрсетуге, пайдалануға және болашақта пайдалануға жол бермейді, делінген хабарламада.

Санкциялар тізіміне тағы 105 танкер қосылды, Еуроодақ атап өткендей, олар Ресейдің «көлеңкелі флотының» бөлігі болып табылады және ресейлік мұнайды тасымалдаумен айналысады. Нәтижесінде санкцияға іліккен кемелердің жалпы саны 444-ке жетті.

Тағы 22 ресейлік банк халықаралық SWIFT төлем тапсырмаларын алмасу жүйесінен ажыратылады. Сонымен қатар, Еуроодақ SWIFT-тен ажыратылған барлық ресейлік банктермен кез келген транзакцияға толық тыйым салды.

Сондай-ақ Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін жеткізушілерге, соның ішінде Қытайда орналасқан соғыс алаңында пайдаланылған тауарларды сататын үш компанияға да санкциялар салынды. Тағы 26 компания қос мақсаттағы тауарлар мен технологияларға қатаң экспорттық шектеулерге ұшырады. Оның 11-і үшінші елдерде орналасқан: жетеуі Қытай мен Гонконгта және төртеуі Түркияда.

Еуроодақтың Ресейге қарсы алдыңғы, 17-ші санкциялар пакеті 2025 жылдың мамырында қабылданған болатын.