Израиль мен Сирия атысты тоқтатуға келісті

0
15

Друздар мен бедуиндер арасындағы қақтығыстар он мыңдаған адамды үйлерін тастап кетуге мәжбүр еткен Сирияның Сувейда провинциясындағы шиеленістің күшеюіне байланысты Израиль мен Сирия атысты тоқтату туралы келісімге келді.
АҚШ-тың Түркиядағы елшісі мен Сирия бойынша арнайы елші Том Барак сенбі күні таңертең Сирия мен Израиль атысты тоқтатуға келіскенін хабарлады.

Израиль күштері бұған дейін Сирияда, соның ішінде астана Дамаскіде друз азшылығын қорғау үшін «әскери интервенция» деп атаған бірнеше соққы жасаған.

Сирияның Сувейда провинциясында друз қарулы топтары мен үкімет қолдайтын бедуин кландары арасындағы қақтығыс қайта басталғаннан кейін жағдай ушыға түсті. Сирия президенті Ахмед әл-Шараа ондаған мың адамды көшіруге әкелген қақтығысты басу үшін провинцияға әскерді қайта кіргізетінін ескертті.

Том Барак әлеуметтік желідегі жазбасында атысты тоқтатуды жариялап, АҚШ бастаған бейбітшілік бастамасының аймақтағы көптеген елдердің қолдауына ие болғанын атап өтті.

«Израиль премьер-министрі [Бенямин] Нетаньяху мен Сирия президенті Ахмед әл-Шараа АҚШ-тың [Мемлекеттік хатшы Марко] Рубионың қолдауымен Түркия, Иордания және көршілері қолдаған атысты тоқтату туралы келісімге келді», — деп жазды Барак.
Дипломат келісімнің барлық тармақтарын ашып айтқан жоқ, бірақ барлық тараптарды қаруларын тастап, бейбітшілік орнатуға кірісуге шақырды:

«Біз друздарды, бедуиндерді және сунниттерді қаруларын тастап, басқа азшылықтармен бірге көршілерімен бейбітшілік пен гүлдену жағдайында жаңа және біртұтас сириялық бірегейлікті құруға шақырамыз»,-деді.

Сирияның оңтүстігіндегі Ас-Сувейда провинциясында друздар мен жергілікті сүннит мұсылман бедуин тайпалары арасындағы қақтығыс жексенбі күні басталды.  Тәртіпті қалпына келтіру үшін үкімет күштері араласты, бірақ  бедуиндермен бірге друздарға қарсы болды.

Израиль друздарды қорғауға келіп, үкіметтік конвойларға ондаған әуе шабуылдарын жасап, Дамаскінің орталығындағы Сирия қорғаныс министрлігінің штаб-пәтеріне шабуыл жасады.
Друздар — Израильдегі маңызды қауымдастық, олар адал азшылық болып саналады және жиі Израиль армиясында қызмет етеді.
Бір аптаға созылған ұрыс жүздеген адамның өмірін қиды. Кейбір жергілікті тұрғындар БАҚ-қа Сирия үкіметіне қатысы бар содырлар друздардың бейбіт тұрғындарын өлтіріп, үйлерін тонап, өртеп жібергенін айтты.

Сәрсенбі күні әл-Шараа үкіметі Вашингтон, Түркия және басқа араб елдері делдалдығымен друз топтарымен бітімге келіп, Сувейда провинциясынан әскерлерін шығара бастады.

Бейсенбі күні Сирияның уақытша президенті жариялаған келісімнің егжей-тегжейіне сәйкес, друз топтарына үкімет әскерлері шығарылған кезде ішкі қауіпсіздікті қадағалау міндеті жүктелген.

Алайда, бейсенбі күні кешке қарай бедуиндер мен друздар арасында тағы да қақтығыстар басталды. Мемлекеттік БАҚ друз жасақтары бедуин қауымдастығына қарсы шабуыл жасап, қоныс аударудың жаңа толқынына әкелді деп хабарлады.

Көрші Дараа провинциясының губернаторы «заңсыз топтардың бедуин тайпаларына жасаған шабуылы» нәтижесінде 1000-нан астам отбасы сол провинцияға келгенін мәлімдеді.

Әл-Шараа Сувейдаға арнайы жасақ «қақтығыстарды тоқтатып, жанжалды жергілікті жерде шешу үшін» жіберілетінін айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жексенбі күні қақтығыстар басталғаннан бері шамамен 80 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды деп есептейді. Ас-Сувейдада негізгі қызметтер, соның ішінде су мен электр қуаты, телекоммуникациялар мен денсаулық сақтау нысандары жұмысын тоқтатқан.