Өзбекстан Германиядан, Италиядан және Жапониядан технологиялар мен инвесторларды тартады

0
5

Өзбекстан президентіне Әндіжан облысын дамытудың жаңа жоспарлары туралы баяндалды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Биылғы жылы 3,1 миллиард доллар инвестиция тарту, 1,5 миллиард доллардың өнімін экспорттау, 305 мың адамды жұмыспен қамту, 32 мыңнан астам отбасын кедейліктен шығару жоспарлануда.

Жыл басынан бері облыста жалпы құны 1 миллиард доллар болатын жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып, 344 сауда және қызмет көрсету кешені ашылды. 2,5 миллиард долларды құрайтын жобаларды жүзеге асыру басталды. Соңғы жарты жылда 850 миллион доллар инвестиция тартылып, экспорт көлемі 465 миллион долларды құрады.

Жақында ғылыми сарапшылар мен белсенді кәсіпкерлердің қатысуымен реформалық штаб құрылып, экономика мен әлеуметтік саланы дамыту бойынша тың ұсыныстар әзірленді.
Тұсаукесерде жауаптылар бұл бастамалардың негіздемесі мен күтілетін тиімділігін баяндады.

Мәселен, Германия, Түркия, Жапония елдерінің роботтық технологияларын қолданатын инновациялық клиника құру жоспарлануда. Инвестиция көлемі 40 миллион долларды құрайды. Шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің қолдауымен агрокластер құру үшін Италиядан 20 миллион еуро және заманауи агрологистикалық кешен салу үшін Германиядан 25 миллион еуро тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ханабад, Ходжаабад және Булақбашы аудандарында туристік аймақтарды дамыту бойынша 30-дан астам бастамалар қалыптасқан.

Жалпы құны 1,1 млрд доллар болатын қосымша жобалар портфелі жасалды. Оларды іске асыру 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және экспортты қосымша жылына 200 миллион долларға арттыруға мүмкіндік береді.

Өзбекстан басшысы облыстың әрбір қаласы мен ауданына жеке көзқарас қажеттігін, сондай-ақ жаңа жобаларды инвестиция ағыны аз аймақтарға орналастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ мемлекет басшысы жұмыссыздар мен мұқтаж отбасыларды оқыту мен жұмысқа орналастыруды ұйымдастыруды, сондай-ақ махаллаларды қылмыссыз аумаққа айналдыру шараларын қабылдауды тапсырды.