Қазақстан бірқатар елдермен ынтымақтастықты нығайтуда

0
187

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес 2025 жылғы 13 тамызда Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасының Туризм және спорт министрі Рудольф Гулякпен кездесті.

Сұхбат барысында туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Словакия тарапы Қазақстанның бай туристік әлеуетімен таныстырылып, еліміздің бұл бағыттағы ілгерілеуінде заманауи деректерді пайдалану мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге негізделген инновациялық шешімдердің маңызды рөлі ерекше аталып өтті.

Р. Гуляктың пікірі бойынша, екі ел ұстанымдарының өзара үйлесімділігі және даулы мәселелердің болмауы тәжірибе алмасу, тағылымдамалар ұйымдастыру, сондай-ақ ортақ бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру арқылы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол Словакия мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасының орнатылуы туристік ағынды ұлғайтуға, іскерлік туризмді дамытуға және өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге елеулі серпін бере алатының назарға салды.

Тараптар спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қазақстанның халықаралық спорт қозғалысына белсенді түрде қатысатыны және бокс, ауыр атлетика, велоспорт, дзюдо, күрес, шахмат, сондай-ақ теннис сияқты спорт түрлеріндегі жоғары жетістіктерімен кеңінен танылғаны аталып өтті. 2027 жылы елімізде дзюдодан әлем чемпионаты мен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты қатарында өтетін бірқатар ірі халықаралық спорттық іс-шаралар жоспарланғанына орай, Елші аталған жарыстарға словакиялық спортшылардың белсенді түрде қатысатынына сенім білдірді.

Министр братиславалық «Слован» командасын жеңіп, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған «Қайрат» футбол клубын осы жетістігімен құттықтап, спорттың екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды рөлін айрықша бағалады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Словакияның тиісті салалық министрліктері арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар, 14 тамызда Қазақстанның Кувейттегі Елшісі Ержан Елекеев елдің жетекші инвестициялық ұйымдарының бірі – «Kuwait Investment Company» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы инвестициялық және экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Қазақстан елшісі еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды атап өтіп, экономиканың тұрақтылығын, энергетика, көліктік логистика және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда кең мүмкіндіктердің болуын атап өтті.

Кувейт компаниясының өкілдері Қазақстанның инвестициялық әлеуетін зерттеуге қызығушылық танытты және өзара тиімді серіктестік шеңберінде іске асырылуы мүмкін нақты жобалар туралы пікір алмасты.

Тараптар байланыстарды одан әрі қолдау және екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған перспективалық бастамаларды пысықтау туралы уағдаласты.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезияның Дін істері министрі, Джакартадағы Истиклал мешітінің бас имамы Насаруддин Умармен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Дипломат Министрге Исламды нығайтуға және Индонезия мен халықаралық деңгейде түрлі діндер арасындағы диалогты қолдауға қосқан қомақты үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Бұдан бұрын жолданған шақыруға сәйкес Елші 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің тұжырымдамасы, мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Ол әлемдегі мұсылман халқы ең көп елі – Индонезияның жоғары өкілдерінің іс-шараға қатысуы әлемдік қақтығыс жағдайында жаһандық дінаралық диалогты ілгерілетуге айтарлықтай оң үлес қосатынын атап өтті.

Министр жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында түрлі діни конфессиялар арасындағы келісімді, өзара сыйластықты және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстанның бітімгершілік күш-жігерін жоғары бағалап, қолдауын білдірді.

Тараптар, сондай-ақ екі достас мемлекет арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың басқа да мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, 14 тамызда Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстанның инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сұлтан Рахимзодамен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Тәжікстанның сауда-экономикалық өзара іс-қимылын дамыту, түрлі салалардағы бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету және елдерімізде өткізілетін инвестициялар саласындағы іс-шараларға қатысудың өзекті мәселелері талқыланды. С. Рахимзода казақ тарапын 2025 жылғы қазанда өтетін «Душанбе халықаралық инвестициялық форум – 2025» белсенді қатысуды шақырды.

Астанада өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының 19-шы отырысының қорытындылары оң бағаланды. Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығының кең перспективалары бар екенін атап өтті.

Оның алдында, яғни, 12 тамызда Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолияның Қорғаныс министрі Батлут Дамбамен кездесті. Д. Батлут Моңғолияның қорғаныс саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ниеттігін айтып, екі жақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару мүмкіндігіне сенім білдірді.

Өз кезегінде, А. Сейтақынов Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қорғаныс саласындағы байланыстарды дамыту үшін зор әлеует бар екенін атап өтіп, қазақстандық тараптың барлық перспективалы бағыттар бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.

Тараптар бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу мүмкіндігі мен әскери ынтымақтастықты кеңейту перспективалары бойынша пікір алмасты.