Иордания Королі Қазақстанға ресми сапармен келді

0
208
26 тамыз 2025 жылы, Иордания Королі Абдалла II Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны Астана әуежайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Мемлекет басшыларының ертеңгі күн тәртібінде келіссөздер және екіжақты бизнес-форумға қатысу жоспарланған.
32 жылдық сенім мен стратегиялық серіктестік
Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 9 ақпанда орнады. Осы уақыт ішінде саяси диалог тұрақты жолға қойылып, екіжақты іс-қимыл стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Мемлекет басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші (2019 ж.) және 77-ші (2022 ж.) сессиялары аясында да жүздесіп, өзара түсіністікті нығайтқан.
Экономикалық күн тәртібі: келісімдер топтамасы және бизнес-форум
Сапар шеңберінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі, фармацевтика, IT және цифрландыру, көлік-логистика, туризм, сондай-ақ білім және мәдениет салалары талқыланбақ. 15-ке жуық ведомствоаралық және коммерциялық келісімге қол қою және шамамен 300 кәсіпкер мен инвестор қатысатын Қазақстан–Иордания бизнес-форумын өткізу жоспарланып отыр. Бұл құжаттар екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейтіп, ұзақ мерзімді серпін береді деп күтіледі.
Екі ел де халықаралық дағдарыстарды диалог арқылы бейбіт реттеуді дәйекті қолдайды. Қазақстан әскери қызметшілері Eager Lion-2022 көпұлтты жаттығуларына қатысса, 2024 жылғы қыркүйекте Қазақстанда өткен «Беcграничное братство-III» арнайы оқу-жаттығуын иорданиялық өкілдер бақылаушы ретінде тамашалады. Сонымен бірге, 2016 жылы Амманда әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған, ал азаматтық қорғаныс пен ТЖ саласында өзара көмек көрсетуді көздейтін құжат бар.
Гуманитарлық көпір: білім, мәдениет, медиа
2025 жылғы 19 ақпандағы Бірлескен мәлімдемеде студенттік және ғылыми мобилдік, бірлескен бағдарламалар, мәдени күндер мен фестивальдерді жүйелі өткізу бағыты нақтыланған. Сол күні Қазақстан Президенті Телерадиокешені мен Jordan Radio and Television Corporation арасында контент алмасу туралы келісім жасалды. Астана мен Амман 2005 жылдан бері бауырлас қалалар; Астанада Хусейн бен Талал атындағы көшенің ашылуы (2014), Амманда Астана (2018) және Абай (2020) көшелерінің пайда болуы қоғамдық-мәдени жақындасуды нығайтты.
Академиялық, мәдени және туристік алмасуларды жеңілдету үшін Royal Jordanian әуе компаниясы 2026 жылғы маусымнан бастап Астана–Амман бағытында аптасына екі рет тікелей рейс ашуды жоспарлап отыр. Бұл шешім уәкілетті органдар мен тасымалдаушы тарапынан жария түрде қолдау тапқан.
Король Абдалла II-нің бұл жолғы келуі – Қазақстан мен Иордания арасындағы жоғары сенім мен стратегиялық серіктестіктің нақты дәлелі. Алдағы келіссөздер мен бизнес-форум сауда, инвестиция, технология, агро-өнеркәсіп, логистика және гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге жол ашады,-деп мәлімдейді Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.