Ресей мен Тәжікстан ядролық технологияларды пайдалануды талқылады

0
61

Ресей мен Тәжікстан уран өндіруден зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалануда ынтымақтасады. Тәжікстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабир Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының орынбасары Николай Спасскиймен кездесті. Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында қатысушылар Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон арасындағы келісімдер негізінде екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.

«Тараптар уран өндірісінен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруды талқылады», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, олар денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобаларды жүзеге асыруға назар аударды.

«Росатом» Тәжікстандағы уран қалдықтарын залалсыздандыру үшін радиациялық зерттеулерді бастады. Компания Истиклолдағы Табошар учаскесі мен Адрасман ауылындағы қоқыс полигонын тазалауды жоспарлап отыр. Мамандар инженерлік және радиациялық іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жобалық құжаттаманы әзірлеуде.