Әскери қызметшілер мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды

0
200
ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан және Қызылорда облыстарында болды.
Тәрбиеші-офицерлер әлеуметтік саланы жақсарту жөніндегі мемлекеттік шараларды түсіндіру, сондай-ақ «Өміріңді сақта» бағдарламасының орындалуын тексеру үшін ҚР ҚК әскери қызметшілері мен ардагерлерінің ұжымдарына барды.
Сапар барысында Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Қызылорда және Арыс гарнизондарының әскери бөлімдері мен мекемелерінің жеке құрамымен кездесті.
Кездесуде әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру мәселелері қозғалды.
– Қазіргі уақытта әскери қызметшілер мен басқа да күштік ведомстволардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп атап өтті ТИЖД бастығы.
– 16 наурызда қабылданған әлеуметтік кодекске сәйкес, әскери зейнеткерлер өздерінің жеке зейнетақы шоттарында қалған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу мақсатында пайдалана алады. Қорғаныс министрлігі 2018 жылға дейін 10 жылдан аса әскери қызмет еткен, дегенмен еңбек өтілі 20 жылдан аз және жекешелендіруге жатпайтын қызметтік үйлерде тұратын әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауда.
Департамент бастығы сонымен қатар, көктемгі шақыру науқаны туралы тілге тиек етіп, елдің қорғаныс қабілетіне үлес қосып, лайықты қызмет еткендердің көмегі бүгінгі күні де қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
– Сіздерді әскерге шақыру науқаны кезінде әскери-патриоттық акцияларға, жастарды әскери оқу орындарына түсуге насихаттауға атсалысуға шақырамын, – деді ол.
Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру. Қорғаныс ведомствосы Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаны іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттар мерзімді әскери қызмет өткерген жігіттерге білім беру секторында жеңілдіктер беруді көздейді. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен борышын өтеп жүрген сарбаздар үшін банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мәселелері төңірегінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды.