САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚАРҚЫНДЫ

Ел экономикасының қарқынды дамуында инфрақұрылымдардың маңыздылығы зор. Инфрақұрылымы сапалы өңірлерде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының дейгейі анағұрлым көтерілумен бірге, ондағы өндірістер, ауыл шаруашылығы және басқа салалардың дамуына да қарқын қосылады. Мемлекет басшысы айтқандай инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында арнайы жоспарлы жұмыстар жасалынуы тиісті. Оның ішінде ауылды жерлерде бұл мәселенің өзектілігі сондай мемлекеттің бастамасымен «Ауыл – Ел бесігі» сияқты жобаларда да ауылдың инфрақұрылымының сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарға қаржы бөлінуде.
Инфрақұрылымдар сапалы да жақсы болса өңірдің дамуы қарқын алып, тұрғындардың өмірсүруінің деңгейі де көтеріледі. Сол себепті де Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жолдарды кеңейтуді, асфальт төсеуді, сапасын жақсартуды, жаңа жолдарды қолданысқа енгізуді тапсырған болатын. Облыстың қала, аудандарында жоспарлы түрде жыл сайын республикалық, облыстық,жергілікті маңызы бар жолдар, елдімекендердің көшелері түрлі деңгейдегі жөндеуден өткізіліп, жаңадан асфальт жабындылары да төселуде. Осы тұста Кентау қаласындағы жолдарға асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жалпы Кентау қаласы бойынша 374 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Бүгінгі таңда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 81%-ға жетіп, 303 шақырым жолға асфальт төселген. Бұл бағытты жұмыстар жалғасып жатыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында орталық көшелермен қатар, құрылыс жұмысын қажет ететін көшелер мен мөлтек аудандарға ішкі орам көшелеріне басымдық берілуде. Бүгінде қаладағы 66 орам көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 205 метр асфальт жабындысы төселіп, аяқ жол мен арықтар орнатылды.
Одан бөлек 14,5 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 14,6 шақырым құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.