ҚАРЖЫСЫ ТОЛЫҚ ҚАРАЛСА СУ ҚОЙМАСЫ АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ БІТЕДІ

0
46

Мемлекет басшысы өз жолдауларында әлемде үлкен проблема тудырып отырған су тапшылығының артып келе жатқанына ел аумағында алдын алу шараларын жасаудың маңыздылығын атап көрсетіп келеді. Республика аумағында су ресурстарын басқаруды дұрыс ұйымдастыру, су қорларын жасап, оларды үнемді пайдаланудың ел экономикасына әсерінің үлкен болатынын да ескертіп, елімізде осы бағыттағы жұмыстарды арнайы қолға алуды тапсырған болатын. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, 2,4 км3 су көлемін қамтамасыз ету үшін 20 су қоймасын салу көзделген. Бұл өңірдің экономикалық қуатын арттырып, тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуін қамтамасыз ететін болады.
Мемлекеттік меншікте болатын су қоймаларының алғашқысының құрылысы Түркістан облысында басталды. Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» су қоймасы тау суын жинап, ұлғайған егістік алқаптарды ағын сумен қамтуға, Бөген өзенінен қосымша 153 млн м3 су қамтуға мүмкіндік береді. 68 млн м3 су сиятын жобаның құны –15,7 млрд теңге. Дамбаның ұзындығы – 4,2 шақырым.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда стратегиялық маңызды нысанның құрылысымен танысты. «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы» жобасын іске асыруға 2024-2026 жылдарға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлу көзделген. Жоба жетекшілері маңызды нысанның құрылысына қаралған қаражаттың уақытында бөлінуінің маңыздылығына тоқталды. Нысанның қаржысы толық қаралған жағдайда, 2025 жылы ел игілігіне тапсыру жоспарлануда.
Бүгінгі таңға негізгі бөгеттің жер жұмыстары және 20 шақырымды құрайтын арнаның жер, бетондау жұмыстары жүргізілуде. Нысан басында жұмыстарда атқаруға 148 адам және 161 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар сапасын бақылау үшін арнайы лаборатория, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелер нысан басына орналастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы, облыс аумағында жыл санап өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы нысандары, басқа да су тұтынушы обьектілердің қатары өсіп келе жатқандықтан суға деген сұраныс артуда. Судың тапшылығы аймақ экономикасының өркендеуіне қосылар үлестің ауқымына кері әсер ететіндіктен өңір басшылығы республикалық деңгейде бұл мәселені шешуге маңыз беріп, жергілікті жерлерде де жұмысты жедел ұйымдастыруда. Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, 2 нысан пайдалануға берілді. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салғанның арқасында жылына қосымша 34 млн текше метр ағын су жеткізуге мүмкіндік пайда болды. Ал «Түркістан» магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 млн текше метр су үнемделді. Бұдан бөлек, «Боралдай» су қоймасы салынады. Ауқымды жұмыстар арқылы өңірдегі 230 млн м3 су тапшылығы мәселесі тиімді шешілуде. Осы мақсатта облыс аумағында ауқымды жұмыстар істеліп жатыр. Аталған жобалар Түркістан облысының су ресурстарын басқарудың үнемді әрі табиғи моделі саналады.