МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУДЫ НӘТИЖЕЛІ ІСКЕ АСЫРУДА

Бүгінгі таңда қандай да бір өнімді өндіруде оның көлемін ұлғайта берумен шектелмей, бірінші кезекте өнімділігі мен сапалылығын арттыруға көңіл бөлу керек. Өйткені, озық технологиялар мен ғылым жаңалықтарын пайдалана отырып өндірілер өнімнің сапасын арттыру, оны өсіру шығындарын азайта отырып көлемін көбейту мол табыстың көзіне айналады. Осыны ескергендіктен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және тапсырмасымен көршілес елдердің мақта өсіретін инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, қолайлы келісімдер жасалғаны белгілі. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы 2023 жылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.
Биыл екінші жыл қатарынан аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға таратып, ол үшін заң аясында қажетті келісімшарттар жасалды. Аталған компания Мақтаарал ауданында 3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Наманган» тұқым сортын жеткізіп, күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.
Жуырда «Global textile» компаниясының өкілдері қуанышты жаңалықты бөлісті. Мақтаарал ауданына мақтаның «Наманган-77» сорты жерсініп қана қоймай, жайқалып өсе бастаған. Мақтаның бір бұтасында 20-дан астам жеміс элементтері (бүршіктер, гүлдер) дамуда. Мамандар бәрі жоспардағыдай болса, Мақтаарал ауданында мақтаның гектарынан 50 центнерден жоғары өнім алынатынын болжап отыр. Бір айта кететін жайт, мақтаның көлемі ғана емес, сапасы да жақсаруда.
«Global textile» – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын компания. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорынында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Түркістан облысы мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар. Яғни компания мақта өндіру процесін басынан бастап шикізат өндіруден оны өңдеу, жартылай фабрикат жасау, одан әрі процесті жалғастыра отырып толық өнім жасап шығаруға дейінгі жұмыстардың бәрін жүзеге асыруды қолға алып жатыр. Бұл жоспарлар толық жүзеге асырылғанда аудан тұрғындары үшін жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, мақтадан жасалған сапалы өнімдер нарыққа шығатын болады.
Айта кетейік, аталған компания Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін ашып жатыр.