ГАЗ ТАПШЫЛЫҒЫН БОЛДЫРМАУ МЕН АВТОКӨЛІК ПАРКІН ЖАҢАРТУ

0
51


Мемлекет басшысы Қазақстанның саяси-қоғамдық тұрақтылығы мен әлеуметтік экономикалық дамуы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің өсуімен, жайлы жағдайда тұрмыс кешуімен, барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етуімен байланысты. Сондықтан да, мемлекеттің басты мақсаты халықтың жағдайын жасау. Ол үшін ел экономикасын жоғарғы қарқынмен дамытуды қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерді шешу маңызды екенін атап көрсетіп келеді. Ел экономикасы дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы бір-бірімен тығыз байланысты, әрі бірге шешілетін мәселе.
Түркістан облысында сұйытылған мұнай газ таратушы 40 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жалпы өңірдегі автогаз құю станцияларының саны – 301. Ал газбен жүретін көліктер саны – 56 352. Облыста сұйытылған мұнай газымен жүретін автокөліктер саны күнделікті артуына және облыс аумағынан шетелдік көліктердің көп өтуіне байланысты автогазға деген қажеттілігі артқан. Бұл жайында Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков брифингте мәлімдеді.
«Жалпы облыста сұйытылған мұнай газдың ай сайынғы қажеттілігі – 15 000 тонна, ал тәуліктік тұтыну көлемі – 450-500 тоннаны құрайды. Алайда, 2024 жылдың басынан осы уақытқа дейін қажетті көлем ҚР Энергетика министрлігі тарапынан бөлінбеді. 2024 жылдың ІІІ тоқсанына ҚР Энергетика министрлігі 3 айға 33 012 тонна сұйытылған мұнай газ көлемін бөлді. 2024 жылдың шілде айына қосымша көлеммен бірге 13 248 тонна жеткізілді. Қалған 10 980 тонна (306 вагон) кезең-кезеңімен келмек. Қазіргі таңда облыста газ таратуды заңсыз шектеуді анықтау және болдырмау бойынша аудан-қала әкімдіктерінен құрылған жұмысшы топ автогаз бекеттерін тексеру жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Оған қоса, облысқа бөлінген сұйытылған мұнай газының көлемін басқа облысқа шығармау мәселесі бойынша ішкі істер департаменті полициясымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Руслан Орынбекұлы.
ҚР Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, облыста сұйытылған мұнай газының бағасы – 1 литр үшін 70-75 теңге болып бекітілген. Қазіргі таңда облыстағы автогаз құю бекеттерінде газ тапшылығын болдырмау — облыстық әкімдіктің күнделікті бақылауында.
Түркістан облысындағы ірі өндірісі бар, өңірдегі үлкен қалалардың бірі саналатын Кентау қаласында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесіне көңіл бөлініп келеді. Қала басшылығы кентаулықтардың жайлы да жақсы өмір сүруі үшін жан-жақты жұмыстарды жоспарлы түрде іске асырып отыр.
Кентау қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен орындалуда. Қаладағы жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Тұлпар-2030» серіктестігі «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының сүйемелдеуімен және тікелей қолдауымен автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырды.
Бағдарлама бойынша жолаушылар тасымалдаушы мекемеге жаңа 16 «Газель-NEXT» маркалы автокөлігі мен 2 дана «ПАЗ-Vector» және 2 «Пазик» автобустары сатып алынды. 16 орындық жаңа көліктер қаладағы бағыттардың кесте санын толықтырып, жолаушыларды тасымалдауды бастап кетті.
Атап айтсақ, №1, №3, №4, №6, №7 және «Кентау-Құсшы ата» -«Саяжай» бағыттары жаңа автобуспен қамтылды. Ал 2 «ПАЗ-Vector» және 2 «Пазик» автобустары №1, №4, №10 бағыттарында қызмет көрсетуде.