ҚАУІПТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

0
119

Аймақтардың экономикалық дамуын қарқынды ету үшін барлық салаларда өнім өндіруге, сапалы қызмет көрсетуге жағдай жасалуы қажет. Егістік егушілерге маусым бойы суғаратын суы мен тыңайтқыштарын уақтылы жеткізіп, егістіктің жауы – шегірткенің шабуылын болдырмаудың шараларын алдын ала жасау қажет. Ал төрт түлік мал өсіруші малшыларға жемшөбін дайындап, қора-қопсысын қысқа әзірлеп, көктемгі мал төлдету науқанын дайындықпен өткізулеріне және мал өліміне әсері болатын аурулардың алдын алуға көмектесу қажет. Сонда егістіктен диқандар мол өнім берсе, малшылар төрт түлік малдың өнімдерін еселеп көбейтіп, мал басын арттыратын болады.
Ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерінің еңбегі еш болмауы үшін барлық шараларды уақтылы жүзеге асыруды Түркістан облысында жүйелі түрде бақылап келеді. Қаізргі кезде ең бір өзекті мәселенің бірі төрт түлік малға қауіп төндіруші конго-қырым гемморогиялық қанды қызбасы ауруы. Облыста бұған қарсы жұмыстар қолға алынып, мерзімінде әрі сапалы орындалуы қадағалануда.
Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында конго-қырым геморрогиялық қызбасының алдын алу бойынша штаб отырысы болып өтті. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округі әкімдері қатысты.
Штабтың күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК аудандық филиалы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Сұлтанғалиұлы, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нүрділла Абдуллаұлы мен аудандық емхананың бас дәрігері Бахыт Еркінбекұлы баяндама жасады.
Жиында конго қырым қанды геморрогиялық қызбасына қарсы күресті күшейту шаралары талқыланды. Қауіпті деген аймақтарды залалсыздандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді күшейту жайы сөз болды. Ол үшін аудан әкімі ауыл округ әкімдеріне қауіпті аймақтарды қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырды.
Аудандық емхана тарапынан конго қырым қанды геморрогиялық қызбасының алдын алу бағытында ауыл тұрғындарымен семинарлар өткізіліп, тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәлімдеуінше 2024 жылға І кезең көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген. Ағымдағы жылға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары аудан бойынша жалпы көлемі 7.680 000 шаршы метрді құрайтын, 5 елді мекенге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Штаб отырысын қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауды, төтенше жағдайда жедел қызмет көрсету керектігін қатаң ескертті.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдіктеріне 2024-2025 жылдарға арналған облыс аумағындағы көктемгі су тасқыны мен селдің алдын алу бойынша тапсырма берген болатын. Осы негізде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінде болды. Онда су тасқынының алдын алу шараларын бақылауға алып, арнайы тексеріс жүргізді.
Су тасқыны — ауа райы температурасының кенет көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, өзен, көлдегі судың көтерілуі нәтижесінде туындайды. Осы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ауданымызда қарқынды шаралар атқарылуда. Атап өтетін болсақ, Үшқайық ауылдық округі Қарашық өзені ұзындығы 12 шақырымды құрайтын арнаны тазалау жұмыстары жүргізілуде. Арнаны ашу үшін арнайы техника жұмылдырылған.
Көктемгі су тасқынының қаупіне қарсы дайындықты қазіргі кезеңнен бастап жүйелі жүргізіп отыру нәтижелі болып, апаттың алдын алуға көмектеседі. Биылғы көктемдегі бірнеше облысты қамтыған көктемгі су тасуынан болған апаттан сабақ алып, ертеден бастап қам жасау аумақта су тасқынынан болар апаттың жолын кесіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.