АРДАГЕРЛЕР АТСАЛЫСЫП, АУЫЛҒА ЖАСТАР КЕЛСЕ ҚҰТ

Мемлекетіміз ұлттық дәстүрге, өмірлік қағидаларға негізделген ұстанымдарды ел дамуының деңгейін көтеруге пайдаланып, игі мақсатқа жұмылдырып келеді. Сондай дәстүрдің бірі үлкенін сыйлаған қазақ үшін елеулі мәселе ардагерлерге құрмет, және олардың мол тәжірибесін ел игілігіне пайдалану болып табылады. Ардагерлер зейнет демалысына шыққанымен ел мен туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосуын жалғастырып, белсенділікпен қоғамдық істерге атсалысады.
Таяуда Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті VI- пленумы өтті. Пленумға аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев және бөлім басшылары қатысты. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов баяндама жасап, аудандық ардагерлер кеңесінің 6 айда атқарылған жұмыстары сараланды. Сондай-ақ 30 бастауыш, 6 цехтық ардагерлер ұйымдарында өткен есеп беру-сайлау жиналыстарының қорытындысы туралы хабарлады.
6 айда аудан ардагерлерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен батыс облыстарға аудан ардагерлерін қолдау білдіру мақсатында көрсеткен көмектерін атап көрсетті.
Аудан ардагерлері атқарылған жұмыстарға оң бағаларын берді.
Аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев сөз сөйледі. Аудан ардагерлерінің елдің бірлігі жолында атқарып жатқан жұмыстарына алғыстарын жеткізді. Пленум соңында бастауыш ардагерлер ұйымының төрағаларына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен орынбасарына , «Әкелер мектебінің» төрағасына қызметтік куәліктер тапсырылды.
Ауданда ардагерлер осылай өздерінің атқарған жұмыстарына есеп беріп, алдағы атқаратын істерін межелеп жатса, әкімдікте шалғай ауданда жастарды, жоғары білімді жас мамандарды тұрақтандырып қалу бойынша акция өткізілуде. Мемлекеттің ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға арналған «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру бағытында Түркістан облысында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыстың шалғай жатқан ауданының бірі — Созақ аудандық әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Халықтық кеңседе» «Дипломмен — ауылға» жобасын кеңінен насихаттау мақсатында «Ашық есік күні» акциясы өткізілді.
Аталған акция барысында аудан тұрғындарына Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы» №72 бұйрығына сәйкес, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Дипломмен — ауылға» жобасы бойынша туындаған сұрақтарына жауап беріліп, толықтай ақпарат ұсынылды.
Мемлекеттік бұл жобаның басты мақсаты жыл санап қаңырап қалып жатұан ауылдарды аман алып қалу, ол елдімекендердің тұрғындарының да өз туған өлкесінде қалып, немесе еліміздің қай аймағындағы ауылға болсын барып еңбек етуге толық та жайлы жағдай жасау. Өйткені бүгінде халықтың, оның ішінде жастардың көпшілігі қалалық жарлерге көшіп, жайлы жағдайда өмір сүргісі келеді. Бірақ, талайы қалаларда баспанасыз, жұмыссыз қаңғып қалуда. Ондайлардан мемлекетке пайда түгілі, қоғамға қауіп төніп те жатыр. Ал ауылда қалған, немесе диплом алып ауылды жерге жұмысқа келген жастар болса мемлекетке де пайда тигізіп, өзінің де отбасылық, әлеуметтік жағдайын жақсарта алады.
Қорыта айтсақ, ардагерлер белсене атсалысып, жастар ауылға көшіп келіп жатса ел дамуы үшін құт болар еді.