ӨНДІРІСТІ БІРЛЕСЕ ДАМЫТУ ҮШІН ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ АШУ ҰСЫНЫЛДЫ

0
68

Өңірлердің экономикалық дамуының деңгейін көтеруде ішкі және сыртқы инвестиция тартудың маңызы зор. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету үшін барлық деңгейде инвесторлар тауып, инвестиция тарту қажеттігін, осы бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аудару керектігін үнемі айтып келеді. Облыс әкімінің өзі таяуда Қытай халық республикасына арнайы сапармен барып, сол елдегі бірнеше өндірістері озық аймақтарында болып, бизнес өкілдерімен кездесіп облысқа қомақты инвестиция таруға негіз қалап қайтқан болатын. Енді міне сол елдің инвесторлары да Түркістан облысына атбасын бұруда.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қытайлық «Бачжоу» халықаралық сауда палатасы өкілдерімен кездесті. Кездесу барсында Түркістан облысы мен ҚХР арасында инвестициялар тарту, тәжірибе алмасу және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады.
Өз кезегінде Қытайлық кәсіпкерлер екі ел арасындағы сауда-саттық, түрлі жер қойнауындағы пайдалы қазбалар және құрылыс материалдарын шығару, ет экспортын дамыту және тері өңдеу мен тағам өнеркәсібі бойынша облысқа инвестиция салып, бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.
Жиын барсында «Бачжоу» халықаралық сауда палатасының өкілі Ми Вэньин Яньхун Түркістан облысы мен ҚХР арасында бірлесе өндірісті дамыту үшін индустриалды аймақ ашуды ұсынды.
Алдағы уақытта ұсыныстар қаралып, екіжақты жұмыстар жүргізіліп, Қазақ — Қытай бірлескен жобалардың санын арттыру жоспарлануда.