ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАП ЕСТУ ҚАБІЛЕТІН ҚАЙТА СЫЙЛАДЫ — 2

Ондай тәжірибелі мамандармен өзіміздің дәрігерлер бірлесіп ота жасау арқылы біліктілігін арттыру да жүзеге асырылуда.
Таяуда Түркістан қалалық орталық ауруханасының медициналық мамандары кезекті пациенттеріне есту мүмкіндігін сыйлады. Мұнда IV дәрежелі есту қабілеті жоғалған 4 пациентке жоғары технологиялық «Кохлеарлық имплантация» отасы сәтті өткізілді. Ота жасалып, есту қабілеті қалпына келгендердің екеуі ересек, екеуі бүлдіршін.
Анкара қаласының Гази университеті мен аурухананың біріккен меморандумы аясында профессор Режеп Карамерттің көмегімен стационар оториноларингологтарымен бірге пациенттерге Med EL (Австрия) компаниясының импланттары тағылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізілді. Қазіргі таңда олар өздерін жақсы сезініп, келесі отадан кейінгі ерте реабилитация кезеңіне дайындалуда.
Бұған дейін бұл санаттағы оталар тек Астана және Алматы қалаларының озық клиникаларында ғана мүмкін еді. Ал былтыр алғаш рет Түркістан облысында мұндай мүмкіндікке қол жеткізген. Түркістан қалалық орталық ауруханасында 5 пациентке ота жасалған. Ота жасалғандар бүгінде есту қабілеті жақсарып, белсенді өмір салтын ұстануда. Сол сәтті оталардан қанаттанға денсаулық сақшылары биылғы жылы жоғары технологиялық ота жасауды жалғастырып, тағы бірнеше адамға есту қабілетін қайта сыйлады. Жалпы биыл жыл соңына дейін 16 ота жоспарланған. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бірлескен комиссия шешімімен отаға жіберілетіндер тізімі көрсеткіштерге сәйкес жасақталған
Аурухана басшысы Б.Берденов профессор Режеп Карамертті қабылдап, оториноларингологиялық көмекті дамытудың ең озық әдістемелерін аурухана тәжірибесіне енгізу жайын талқылады. Екі мекеме арасында тығыз қарым-қатынас орнату мәселелерін пысықтады.