МӘДЕНИ-БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРУ БОЙЫНША КУРС ӨТТІ -1

Мемлекеттік идеологияны жүзеге асыру азаматтардың рухани-мәдени өріс-танымын кеңейту, үгіт-насихаттық, танымдық шаралар ұйымдастыру арқылы іске асырылады. Ол жұмыстар әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдерінің басшылығы мен бақылауында болып, ал іс-шараларды сауатты ұйымдастырып, жүзеге асыру мәдениет үйлері мен клубтардың директорлары мен ұжымдарының жауапкершілігінде болады. Сондықтан да, Түркістан облысында, жалпы елімізде осы салалардың басшылары мен қызметкерлерінің басын қосып арнайы курстар өткізіліп отырады. Ондағы мақсат – мәдени-рухани, халық шығармашылығы бойынша мамандардың жұмысты жүргізудегі біліктілігін арттыру, тәжірибесін толықтырып, озық әдістермен таныстыру, соларды игеруіне көмектесу болып табылады.
Облысымызда ұйымдастырылған мәдениет қызметкерлерінің «Мәдени демалыс қызметі және халық шығармашылығын дамыту» апталық курсының кеше ғана соңғы дәрісі өтті. Жас мамандарға бір апта бойы біліктілігін арттыру мақсатында түрлі тақырыпта арнайы спикерлер шеберлік сағатын өткізді.
Курстың алғашқы дәрісін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының аға оқытушысы, «Format E» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Әуесбаев, «Мәдени тынығу жұмысының теориясы мен тәжірибесі» тақырыбы аясында кеңінен тоқталып, түрлі тақырыпқа сай ойындар ұйымдастырды. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, спикерге сұрақтарын қойды.
Ал екінші күнінде Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссері Нұралы Абдуллаев курс қатысушыларына «Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардағы үйірмелер мен мемлекеттік және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырудың жаңа стратегиясы» тақырыбында дәріс өткізді.
(жалғасы бар)