АТА ЗАҢ КҮНІ АТАП ӨТІЛІП, ӘДЕП ЖӘНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ТУРАЛЫ СӨЗ БОЛДЫ

Мемлекеттің басты заңы – Конституциясы мемлекеттіліктің басты белгілерінің бірінен саналады. Әрі сол Ата заңда мемлекеттің, оның азаматтарының арақатынасы мен құқықтары, міндеттері белгіленеді. Қазақстандықтар еліміздің Ата заңы күні мерекесін әр жылы жоғары деңгейде атап өтеді. Түркістан облысында да атаулы күнді мерекелеу басталды.
Сауран аудандық әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Ата заң – асыл мұраттар бастауы» атты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Жұмадуллаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек қатысып, жиналған көпшілікті Қазақстан Республикасының Конституциясының 29 жылдығымен құттықтап, Ата Заңымыздың айбары асқақтай берсін, деп игі тілектерін білдірді.
1995 жылы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда Қазақстан халқы өзінің жаңа конституциясын қабылдады. Конституция — мемлекет негізінің іргетасы. Конституция бүгінде мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата заң аясында Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына серпін беріп келеді.
Мерекелік жиында әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен концерттік бағдарламасы жиналған көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге, аспазшылардың қолдарынан жасалған түрлі тағамдар, тігіншілердің құрақ көрпелері, қыз жасауы және қолөнер бұйымдары, шаштаразшы қыздардың шаш үлгілері тамашаланды.
Мемлекеттік конституция күні қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің заңдылықтарды, әдептілікті сақтай отырып халыққа қызмет етуіне байланысты да басқосу өтті. Онда жаңа Әдеп кодексі туралы сөз қозғалды.
Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудандық әдеп жөніндегі уәкілі Бахытжан Полатов пен аудан әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Жұмадуллаев зум форматында ауылдық округ әкімдеріне жаңа Әдеп кодексінің талаптарын кеңінен түсіндіріп өтті. Әдеп уәкілінің айтуынша жаңа редакцияда бекітілген Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің менталитетін жаңаша қалыптастыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодексінің ең алғашқы пунктінде мемлекеттік қызметшінің қарапайым болуы айтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауына баса назар аударылады. Бұл әдеп кодексі қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтарға, сыпайылық пен адамгершілікке, адалдыққа негізделген.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс-жүзінде асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс. Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес, барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындауы қажет екені айтылды.
Ата заң мерекесі күні қарсаңында Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы, аудан әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Бахытжан Полатов сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшыраған лауазымдарды атқаратын аудан әкімдігінің дербес бөлім басшыларына, қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау жөнінде профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Әдеп уәкілі түсіндіру барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлық фактілерінің неден пайда болатындығын, оған жол бермеудің қарапайым әдістері жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Уәкілетті орган қызметкері жауапкершілікті сезініп, өз қызметінде осы індетпен барынша күрес жүргізбей, жеңіске жету мүмкін емес екенін баса айтты.
Сонымен қатар, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті, сыбайлас жемқорлыққа тұрақты иммунитеті болмаса, қалаулы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Біздің қоғамның әрбір толыққанды мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу — бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ісі екенін жете түсінулері қажет.