ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Мемлекеттің қалыпты дамып, болашағының жарқын болуы жас ұрпаққа берілетін білім мен тәрбиеге де тікелей байланысты. Ел жеткіншектерін балабақшадан бастап заманауи тәрбиелеп, оқушыларын мектептерде озық әдістерді, ғылым мен білім жетістіктерін енгізе отырып оқытып, педагогтарын инновациялық, озық әдістерді игертіп, біліктілігін арттыра отырып дайындаса, одан әрі арнаулы және жоғарғы оқу орындарын жетілдірсе, онда жас ұрпақ саналы да білімді, тәрбиелі де белсенді болып жетіледі. Сондықтан да елімізде, оның ішінде Түркістан облысында білім беру саласына ерекше мән беріліп отыр. Әр жаңа оқу жылы қарсаңында аудан, қала, облыс бойынша өтетін мұғалімдердің «Тамыз кеңесінде» педагогтер бас қосып жаңа оқу жылына дайындықты, оның ішінде ұстаздардың дайындығын, оқушылардың білім алуға толық әзірлігін, ең бастысы бір жылдағы білім беру процестеріне, оқыту әдістеріне байланысты пайда болған озық әдістерді енгізу, оқу процесінде қолдану мәселелерін сараптайды.
Отырар аудандық білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында аудандық тамыз педагогикалық кеңесі өтті.
Кеңес жиынына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға келген көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көрме жұмыстарын тамашалады. Көрмеде педагогтардың жетістіктерімен қатар оқушылардың инновациялық жобалары, робототехника мен басқа да үздік жұмыстары, басқа салалардағы жетістіктері қойылған.
Мұнан соң тағылымды шараның ашылуында мемлекеттік Гимн орындалып, жұмыс регламенті бекітілді. Жиында алдымен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекмұрат Бақыт Бекмұратұлы баяндама жасап, 2023-2024 оқу жылында ауданның білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы атап өтті.
Одан әрі аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов сөз алып, ұлағатты ұстаздар қауымын аудандық тамыз педагогикалық кеңесінің ашылумен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Шара барысында ауданның білім саласындағы жемісті еңбектері үшін бір топ ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң ауданның білім саласындағы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттер сараланды. Алдағы міндеттер ең алдымен өткен жылғы атқарылған жұмыстар деңгейінде қалып қоймай ізденіс, инновациялық талпыныс, озық әдістерді игеру арқылы білім беру процесін жетілдіре түсуді қамтамасыз ету жолында жұмыс жасауды талап етеді.
Шарада Отырар ауданының білім бөлімі жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаппарқұлов Пердехан Абайұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Құсайынов Асқарбек Қабыкенұлы, М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Сыздықәлі Айнұр Әбдіғапбарқызы, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп гимназиясының география пәнінің мұғалімі Қалдыбекова Ботакөз Құтмаханқызы, «Темір» жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Әмзе Нұрсейіт Номанұлы жарыссөзге шығып, заманауи білім беру тақырыбы бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Тағылымды шарада Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп гимназиясының оқушылары ұстаздарына арнау өлеңдерін оқып, шара соңы аудан өнерпаздарының әуезді әнімен қорытындыланды.