ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір ірі жиындарда сөйлеген сөздерінде, халыққа жолдаған жолдауларында мемлекеттің қалыпты дамуы үшін билік пен халықтың арасында түсіністік пен екіжақты байланыс болуы қажеттігін атап көрсетіп келеді. Сол сияқты ел басшысы «Халық үнін еститін үкімет» бастамасын да көтеріп жергілікті атқарушы органдарға өз аумағындағы тұрғындардың өтініш-тілектеріне, арыз-шағымдарына, ұсыныс-ескертпелеріне үнемі құлақ асып қана қоймай ел тілегін мүмкіндігінше заң аясында жүзеге асыруды да тапсырған болатын.
Түркістан облысында Президенттің бұл тапсырмаларын тұрақты түрде орындап отырудың жолдары қарастырылып, облыс басшысы қала, аудан әкімдеріне халықпен жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп, олардың талап-тілегін тыңдап, заң аясында орындап отыруды талап етіп келеді. Сондықтан да, жергілікті әкімдіктер бұл бағыттағы жұмыстарын жүйелі жүргізуге ұмтылады.
Бөген ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов Бөген ауылдық округіне қарасты Екпінді, Шалдар, Сарқырама және Ақбастау ауылдық округіне қарасты Жолғабас, Кеңес елді мекендерін аралап, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелерді тыңдады.
Тұрғындар тарапынан айтылған ауыз су, табиғи газбен қамту, ішкі көшелерге асфальт төсеу және ағын су каналын механикалық тазалаудан өткізу мәселелерін тыңдап, олардың жоспарға сәйкес шешімін табатындығына тоқталды.
Екпінді, Шалдар елді мекеніндегі мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын көріп, ондағы орын алып отырған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Мердігер мекемеге және жауаптыларға жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалап, бекітілген мерзімде аяқтауды ескертті.
Аталған елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшелер бойынша нақты есебін жасап, бюджеттік өтінім беру және электр бағаналарының жарамсыздарын шұғыл түрде ауыстыру қажеттігін тапсырды. Ауыл әкіміне елді мекен аумағында тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып отыруды жүктеді.
Сапар барысында Сарқырама елді мекенінде болып, ондағы ескі мектеп ғимаратын демеушілер, инвесторлар тарту арқылы жөндеуден өткізіп «Art Sport» бағдарламасы аясында тиімді пайдалану жолдарын қарастыру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, жауапты бөлімдердің басшыларына аудан аумағындағы пайдаланылмай отырған ескі нысандардың есебін жасап, оны тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бұдан әрі аудан әкімі Ақбастау ауылдық округіндегі Жолғабас, Кеңес елді мекендерін аралады. Жауапты бөлімге аталған елді мекендерде жеткізуші магистралды газ құбыры мен ішкі газ жүйелері құрылысының сапалы жүргізілуін қадағалап, өндірістік кестеге сәйкес ел игілігіне пайдалануға беру керектігін ескертті. Сондай-ақ, ауылдық округтің әкіміне тұрғындар тарапынан көтеріліп отырған мәселелерді жергілікті деңгейде шешуді тапсырды.
Аудан әкімі аппаратына іс-сапар қорытындысымен берілген тапсырмалар бойынша хаттама түзіп, орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов бекітілген кестеге сәйкес аудан тұрғындарымен кезекті жеке қабылдау өткізді. Қабылдауда Шаян және Ақбастау ауылдық округтерінен келген тұрғындар аудан әкіміне өздерінің толғандырған мәселелерін айтып, өтініштерін жеткізді.
Тұрғындар тарапынан көше жарығын орнату, ауыз сумен қамтамасыз ету, елді мекеннің ішкі көшелеріне асфальт төсеу, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету, тұрғын үй кезегі мен түрлі жеке мәселелері айтылды.
Әрбір тұрғынның мәселесін тыңдаған аудан әкімі жауапты сала басшыларына мәселелерді зерделеп, заң талаптарына сәйкес орындауды тапсырды.
Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе бақылауға алынып, заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілетіндігі түсіндірілді.
